«Абай мұрасы: Қазақтың ұлттық рухы»
2025 жылдың 13 мамыр күні қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Абай мұрасы: Қазақтың ұлттық рухы» атты кәсіптік бағдар беру – театрландырылған концерттік кеші өтті.
Мектеп оқушылары мен жастардың кәсіби бағдарын қалыптастыру, болашақ мамандықты саналы таңдауға бағыт беру және Абай мұрасын насихаттау мақсатында өткен іс-шараға мектеп оқушылары, ата-аналар және әлеуметтік серіктестер кеңінен тартылды.
Кеш мазмұны жағынан терең, мағынасы биік екі кезеңнен тұрды. Айталық, бірінші бөлімде қатысушылар назарына «Абай мұрасы» тақырыбындағы және колледжде оқытылатын мамандықтар бойынша мазмұнды көрме ұсынылды. Осы көрме арқылы жастар Абай шығармашылығының тереңіне үңіліп, колледждің білім беру бағыттарымен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Екінші кезеңде Абай Құнанбайұлының шығармаларынан шабыт алған театрландырылған қойылымдар мен концерттік нөмірлер сахналанды. Кеш барысында Абайдың поэзиясы мен қара сөздері көркем бейнелермен, сахналық қойылымдармен ұштастырылып, көрермендерге рухани әсер сыйлады.
Кеш соңында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде оқытылатын мамандықтар шеру түрінде таныстырылып, жастарға оқу ордасының білім беру мүмкіндіктері кеңінен насихатталды.