ҚР мемлекеттік қызметі - Оқу-әдістемелік кабинет

ҚР мемлекеттік қызметі

Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2015 жылғы 23 қарашадағы № 416-V ҚРЗ

      РҚАО-ның ескертпесі!
       Осы Заңның қолданысқа енгізілу тәртібін 69-баптан қараңыз.

      Қолданушылар назарына!
      Қолданушыларға ыңғайлы болуы үшін РҚАО мазмұнды жасады.

      МАЗМҰНЫ

      БАСПАСӨЗ-РЕЛИЗ

      Осы Заң Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметіне кіруге, оны өткеруге, тоқтатуға байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайын, материалдық қамтамасыз етілуі мен әлеуметтік қорғалуын, сондай-ақ өзге де адамдардың мемлекеттік органдардағы қызметі мәселелерін айқындайды.

   1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) «А» корпусы – кадр резервіне іріктеудің, конкурстық іріктеудің, мемлекеттік қызметті өткеру мен тоқтатудың ерекше тәртібі, сондай-ақ арнайы біліктілік талаптары көзделген басқарушылық деңгейдегі мемлекеттік әкімшілік лауазымдар;
      2) «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резерві – «А» корпусының бос не уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға үміткер Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қалыптастырылып, жүйеленген тізімі;
      3) «Б» корпусы – «А» корпусына енгізілмеген мемлекеттік әкімшілік лауазымдар;
      4) бонус – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметшілерге қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша белгіленетін ақшалай төлем;
      5) бiлiктiлiк талаптары – мемлекеттiк лауазымға орналасуға үмiткер азаматтарға білімі, жұмыс тәжірибесі және құзыреттері бойынша қойылатын талаптар;
      6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметі (бұдан әрі – мемлекеттік қызмет) – мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк органдарда мемлекеттiк билiктiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыруға бағытталған лауазымдық өкiлеттiктерді атқару жөнiндегi қызметi;
      7) құзыреттер – нақты мемлекеттік лауазымда кәсіби қызметті тиімді түрде атқару үшін қажетті білімнің, икемнің және дағдылардың жиынтығы;
      8) лауазымды адам – билiк өкiлiнiң функцияларын тұрақты, уақытша немесе арнайы өкiлеттiк бойынша жүзеге асыратын не мемлекеттiк органдарда ұйымдастырушылық-өкiмдік немесе әкiмшiлiк-шаруашылық функцияларды атқаратын адам;
      9) лауазымдық өкiлеттiктер – нақты мемлекеттiк лауазыммен көзделген, мемлекеттiк қызметшiлер өз қызметiн жүзеге асыратын мемлекеттiк органдардың алдында тұрған мақсаттар мен мiндеттерге сай келетін құқықтар мен мiндеттер;
      10) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшi – Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, өз қызметін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын мемлекеттiк қызметшi;
      11) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазым санаты – тиісті біліктілік талаптары бар мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдар жиынтығы;
      12) мемлекеттiк қызметшi – мемлекеттiк органда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен республикалық немесе жергiлiктi бюджеттерден не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң қаражатынан ақы төленетiн мемлекеттiк лауазымды атқаратын және мемлекеттiң мiндеттерi мен функцияларын iске асыру мақсатында лауазымдық өкiлеттiктерді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының азаматы;
      13) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі (бұдан әрі – қызметтік әдеп) – мемлекеттік қызметшілердің осы Заңда және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде белгiленген мінез-құлық қағидалары;
      14) мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін, мемлекет қызмет саласында біртұтас мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
      15) мемлекеттiк лауазым – нормативтiк құқықтық актiлерде белгiленген лауазымдық өкiлеттiктер шеңбері жүктелген мемлекеттiк органның құрылымдық штат бiрлiгi;
      16) мемлекеттiк саяси қызметшi – тағайындалуы (сайлануы), босатылуы және қызметi саяси-айқындаушы сипатқа ие, саяси мақсаттар мен мiндеттердi iске асыруға жауаптылықта болатын мемлекеттiк қызметшi;
      17) мүдделер қақтығысы – мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері өзінің лауазымдық өкілеттіктерін орындамауына немесе тиісінше орындамауына әкеп соғуы мүмкін болатын кездегі мемлекеттік қызметшінің жеке басының мүдделері мен оның лауазымдық өкілеттіктері арасындағы қайшылық;
      18) тәлімгер – мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған мемлекеттік қызметшіге бекітілетін, оның кәсіби бейімделуіне практикалық көмек көрсететін мемлекеттік қызметші;
      19) төменгі лауазым – мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген лауазымдар санаттарының арасында лауазымдар тізіліміне сәйкес санаты төмен тұрған болып табылатын, «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің мемлекеттік лауазымы;
      20) уақытша бос мемлекеттік лауазым – мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметшінің іссапарға баруына, әлеуметтік демалыста не мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуда болуына, сондай-ақ ауруы денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін еңбекке жарамсыздықтың неғұрлым ұзақ мерзімі белгіленген аурулар тізбесіне енген болса, науқастануы салдарынан оның қатарынан екі айдан астам уақыт жұмыс орнында болмауына байланысты уақытша бос мемлекеттік лауазым;
      21) уәкілетті комиссия – Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік әкімшілік қызметке кіру, оны өткеру және тоқтату, сондай-ақ мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскерлерді тарту мәселелерін қарайтын комиссия, оның ережесі мен құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді;
      22) үстемеақы – «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісіне Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен белгіленетін лауазымдық айлықақысына ақшалай қосымша ақы;
      23) іссапарға бару – Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік қызметшілердің бұрынғы жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) сақтала отырып, басқа мемлекеттік органдарда, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінде және өзге де ұйымдарда мемлекеттік лауазымдарға орналасуы.

      2-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет
              саласындағы заңнамасы

  1. Мемлекеттік қызметтің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі, осы Заң, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері құрайды.
    2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3-бап. Осы Заңның қолданылуы

  1. Осы Заңның күші:
    1) Қазақстан Республикасының Конституциясында, конституциялық заңдарында немесе өзге де заңнамалық актiлерiнде олар үшiн өзгеше құқықтық мәртебе айқындалған жағдайларды қоспағанда, барлық мемлекеттiк қызметшiлерге;
          2) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде реттелмеген бөлігінде жергілікті өкілді органдар тағайындайтын немесе Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланатын мемлекеттiк әкімшілік қызметшiлерге;
          3) Қазақстан Республикасының құқық қорғау қызметі туралы заңнамалық актілерінде көзделген ерекшеліктері бар құқық қорғау қызметін өткеріп жүрген мемлекеттiк қызметшiлерге қолданылады.
          2. Осы Заңның күші:
          1) техникалық қызмет көрсетудi жүзеге асыратын және мемлекеттiк органдардың жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн адамдарға;
          2) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің және оның ведомстволарының қызметшілері мен техникалық қызметшілеріне;
          3) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес еңбек шарты негізінде қызметін мемлекеттік органдарда жүзеге асыратын адамдарға, оның ішінде мемлекеттік органдардың шетелдік жұмыскерлеріне қолданылмайды.

      4-бап. Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттары

  1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызмет:
    1) заңдылық;
          2) қазақстандық патриотизм;
          3) мемлекеттiк биліктің заң шығарушылық, атқарушылық және сот тармақтарына бөлiнуiне қарамастан, мемлекеттiк қызмет жүйесiнiң бiртұтастығы;
          4) азаматтар құқықтарының, бостандықтарының және заңды мүдделерiнiң мемлекет мүдделерi алдындағы басымдығы;
          5) мемлекеттік органдар қызметіндегі тиімділік, нәтижелілік, ашықтық;
          6) азаматтардың мемлекеттiк қызметке қол жеткiзуге тең құқығы;
          7) азаматтардың мемлекеттiк қызметке кiруiнiң ерiктiлiгi;
          8) мемлекеттiк қызметшiлердiң кәсiбилiгi;
          9) меритократия – мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау, оны қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету;
          10) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдар өз өкiлеттiктерi шегiнде қабылдаған шешiмдердi орындаудың бағынысты мемлекеттiк қызметшiлер мен төмен тұрған мемлекеттiк органдардың мемлекеттік қызметшілерi үшiн мiндеттiлiгi;
          11) мемлекеттiк қызметшiлердiң бақылауда болуы және есептiлiгi;
          12) мемлекеттiк қызметшiлердiң лауазымдық мiндеттерiн орындамағаны не тиiсiнше орындамағаны және өздерiнiң лауазымдық өкiлеттiктерiн асыра пайдаланғаны үшiн жеке жауаптылығы;
          13) әдептілік;
          14) құқық бұзушылықтарға төзбеушілік;
          15) мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын қызметтi қоспағанда, қоғамдық пiкiр мен жариялылықты ескеру;
          16) мемлекеттiк қызметшiлердiң құқықтық және әлеуметтiк қорғалуы;
          17) мәнi бiрдей жұмыстарды орындағаны үшiн еңбекақыны тең төлеу;
          18) мемлекеттiк қызметшiлердi лауазымдық мiндеттерiн үлгілі атқарғаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн көтермелеу;
          19) мемлекеттік қызметшілерді оқытудың және қажетті құзыреттерін дамытудың үзіліссіз болуы;
          20) мемлекеттік қызметшілерді даярлаудың, қайта даярлаудың және олардың біліктілігін арттырудың практикалық бағдарлануы қағидаттарына негізделеді.
          2. Мемлекеттiк органдарда саяси партиялардың ұйымдарын құруға жол берiлмейдi. Мемлекеттiк қызметшiлер лауазымдық өкілеттіктерiн атқару кезінде Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын басшылыққа алады және саяси партиялардың, қоғамдық бiрлестiктер мен олардың органдарының шешiмдерiне байланысты болмайды.

      5-бап. Уәкілетті орган

  1. Мемлекеттiк қызмет iстерi жөніндегі органдардың бiрыңғай жүйесін уәкiлеттi орган, оның аумақтық бөлімшелері, уәкілетті органға ведомстволық бағынысты ұйымдар құрайды.
    Аумақтық бөлiмшелер өз қызметiн уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгілеген құзырет шегiнде жүзеге асырады.
          2. Уәкілетті орган:
          1) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлейді, сондай-ақ өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды;
          2) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдар санаттарына қойылатын үлгiлiк бiлiктiлiк талаптарын әзiрлейді және бекiтеді;
          3) мемлекеттiк қызмет персоналы жөнiндегi автоматтандырылған бірыңғай дерекқорды (ақпараттық жүйені) қалыптастыру бойынша жалпы үйлестіруді қоса алғанда, мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілерінің кадр құрамының жай-күйіне, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің мемлекеттік саяси және әкімшілік лауазымдарына мониторинг жүргізеді;
          4) «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшілiк қызметінің кадр резервін қалыптастырады;
          5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік әкiмшiлiк қызметшілерді, мемлекеттік әкiмшiлiк лауазымдарға орналасуға кандидаттарды және құқық қорғау қызметіне кіретін азаматтарды тесттен өткізу тәртібін, бағдарламаларын және оны ұйымдастыруды айқындайды;
          6) осы Заңға сәйкес мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін, сондай-ақ актілерді әзірлейді және Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге ұсынады;
          7) министрліктер мен орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшыларының және аппарат басшыларының мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайтын актілерді әзірлейді және Қазақстан Республикасының Президентіне бекітуге ұсынады;
          8) мемлекеттік органдардың мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді, оның ішінде шет елдерде даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіреді;
          9) мемлекеттiк әкiмшілiк қызметшiлердi даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiгiн арттыру бойынша мемлекеттiк тапсырысты қалыптастыру мен орналастыруды үйлестiреді;
          10) мемлекеттiк органдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын сақтауын, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауын, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
          11) мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға арналған конкурстарды өткiзу тәртiбiн айқындайды;
          12) кандидаттың қойылатын біліктілік талаптарына сай келуі бөлігінде мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындауды келіседі;
          13) мемлекеттік әкімшілік қызметшінің лауазымдық нұсқаулығын әзірлеу мен бекіту тәртібін айқындайды;
          14) персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) туралы үлгілік ережені бекітеді;
          15) мемлекеттік әкімшілік қызметтің кадрдағы іс қағаздарын жүргізу құжаттарының үлгілік нысандарын әзірлейді және бекітеді;
          16) осы Заңды және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерін бұзып қабылдаған шешiмдерiнiң күшiн жою туралы лауазымды адамдар мен мемлекеттiк органдарға ұсыныстар енгiзеді;
          17) мемлекеттік органдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша тексеру нәтижелерінде анықталған бұзушылықтарды жою туралы өз құзыреті шегінде қаралуы міндетті ұсынулар енгізеді;
          18) мемлекеттiк қызмет мәселелерi бойынша халықаралық шарттардың жобаларын дайындауға қатысады;
          19) мемлекеттік органдарда персоналды басқару тиімділігін бағалауды жүзеге асырады;
          20) персоналды басқару қызметтерінің (кадр қызметтерінің) жұмысына әдіснамалық басшылық жасауды үйлестіреді және жүзеге асырады;
          21) мемлекеттiк органдардың немесе лауазымды адамдардың Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет саласындағы заңнамасын бұзу, сондай-ақ қызметтік әдепті сақтау мәселелерi бойынша әрекеттерi (әрекетсіздігі) мен шешiмдеріне жеке және заңды тұлғалардың шағымдарын қарайды;
          22) мемлекеттік органдардың мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тағылымдамадан өтуін ұйымдастыру жөніндегі қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;
          23) осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.
          3. Уәкiлеттi органның облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада Әдеп жөніндегі кеңестері болады, олар туралы ереженi уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.
          4. Уәкiлеттi органның және оның аумақтық бөлiмшелерiнiң шешiмдерi бұйрықтар нысанында ресiмделедi.

      6-бап. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі)

  1. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) өз құзыреті шегінде:
    1) мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасын орындауы жөніндегі қызметін үйлестіреді;
          2) тәртіптік, конкурстық және кадр мәселелері жөніндегі өзге де комиссиялардың қызметін ұйымдастырады;
          3) мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің жұмысын бағалауды жүргізу, конкурстық іріктеу, мемлекеттік қызметшілерді қызмет бабында ілгерілету, қызметтік тергеп-тексеру, мемлекеттік қызметшілерді тәртіптік жауаптылыққа тарту, мемлекеттік қызметшілерді қызметтен шығару рәсімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді;
          4) кадрлар іріктеуді ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызметті өткеруіне байланысты құжаттарды ресімдейді, мемлекеттік қызметшілердің дербес деректерін, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің жұмысын бағалау және оқудан өту нәтижелері туралы мәліметтерді, оның ішінде мемлекеттік қызмет персоналы бойынша автоматтандырылған бірыңғай дерекқорда (ақпараттық жүйеде) есепке алуды жүзеге асырады;
          5) мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулердің сақталуын қамтамасыз етеді;
          6) мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамадан өтуін, тәлім алуын, жұмысын бағалауды, оларды даярлауды, қайта даярлауды және біліктілігін арттыруды белгіленген мерзімдерге сәйкес ұйымдастырады, мемлекеттік қызметшілерді көтермелеуді қолдану тәртібін әзірлейді;
          7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
          2. Персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелерінен ұйымдық жағынан дербес болады, жауапты хатшыға немесе аппарат басшысына, ал жауапты хатшы және аппарат басшысы лауазымдары енгізілмеген мемлекеттік органдарда мемлекеттік органның басшысына тікелей бағынады.
          3. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін персоналды басқарудың бірыңғай қызметін (кадр қызметін) Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасына сәйкес құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындауға құқығы бар лауазымды адамның (органның) шешімімен құрылады.
          Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде персоналды басқарудың бірыңғай қызметін (кадр қызметін) құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының немесе жоғары тұрған органның шешімімен құрылады.

      7-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердің мемлекеттік лауазымдарын
              сыныптау

  1. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік лауазымдары Қазақстан Республикасының Конституциясына, заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қалыптастырылады.
    2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үшін мемлекеттік лауазымдардың санаттары белгіленеді. Мемлекеттік саяси қызметшілер үшін мемлекеттік лауазымдардың санаттары белгіленбейді.
          3. Мемлекеттік саяси және әкімшілік қызметшілер лауазымдарының тізілімін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

   2-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖАҒДАЙЫ

      8-бап. Мемлекеттік қызметшілердің мәртебесі және олардың
              құқықтық кепілдіктері

      Мемлекеттік қызметшінің мәртебесі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуына байланысты шектеулері бар Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мемлекеттік қызметшінің жалпы құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет ерекшеліктеріне негізделген құқықтарын, міндеттері мен жауаптылығын қамтиды.
      Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттік қызметші мәртебесіне Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен мемлекеттік лауазымға тағайындалған немесе сайланған кезден бастап ие болады және мемлекеттік қызметті тоқтатқан кезден бастап одан айрылады.

      9-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң негізгі құқықтары

      Мемлекеттiк қызметшiнiң:
      1) Қазақстан Республикасының азаматтарына Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында кепiлдiк берiлетiн құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға;
      2) өзіне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтың анық жағдайлары туралы өзі жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының және (немесе) құқық қорғау органдарының назарына жеткізген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқықтық және өзге де қорғалуға;
      3) еңбегiнiң қорғалуына, денсаулығының сақталуына, қауіпсіз және тиімді жұмыс істеу үшін қажеттi еңбек жағдайларына;
      4) әлеуметтік және құқықтық қорғалуға;
      5) өзінің лауазымдық өкiлеттiктерi шегiнде мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiмдер қабылдауға қатысуға, тиiстi органдар мен лауазымды адамдардың оларды орындауын талап етуге;
      6) лауазымдық өкілеттіктерін атқару үшiн ұйымдарға белгiленген тәртiппен баруға;
      7) басшыдан мемлекеттiк қызметшi атқарып отырған мемлекеттік лауазымға сәйкес мiндеттерді және лауазымдық өкiлеттiктер көлемiн дәл айқындап беруді талап етуге;
      8) жеке басының қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне, басшылар, өзге де лауазымды адамдар және азаматтар тарапынан өзiне әдiл және құрметпен қарым-қатынас жасалуына;
      9) өзi атқаратын мемлекеттік лауазымға, жұмыс сапасына, тәжiрибесiне және осы Заңда белгiленген өзге де негiздерге қарай ынталандырылуына және еңбекақы төленуiне;
      10) тиiстi бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражаты есебiнен даярлануға, қайта даярлануға және бiлiктiлiгiн арттыруға;
      11) мемлекеттік орган оны Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға немесе тағылымдамадан өтуге жіберген жағдайларда, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда жұмыс орнының (мемлекеттік лауазымының) сақталуына;
      12) өзiнiң мемлекеттiк қызмет өткеруiне қатысты материалдармен кедергiсiз танысуға, қажет болған жағдайларда жеке түсiнiктемелер беруге;
      13) бiлiктiлiгi, құзыреттері, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң лауазымдық мiндеттерiн адал орындауы ескеріле отырып, мемлекеттік қызмет бабында ілгерілетілуге;
      14) мемлекеттік қызметшiнiң пiкiрiнше негiзсiз айып тағылған жағдайда қызметтiк тергеп-тексеруді талап етуге;
      15) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық үшін не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін оның жауаптылығын қарау жағдайларын қоспағанда, мемлекеттiк қызметтен өз қалауы бойынша шығарылуға;
      16) зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандырылуға;
      17) лауазымдық өкілеттіктерін атқару үшін қажетті ақпарат пен материалдарды белгіленген тәртіппен алуға;
      18) жоғары тұрған мемлекеттiк органдар мен лауазымды адамдарға мемлекеттiк қызметтi жетiлдiру жөнiнде ұсыныстар енгізуге құқығы бар.
      Мемлекеттік қызметшінің өзге де құқықтары Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленуі мүмкін.

      10-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң негiзгi мiндеттерi

      Мемлекеттiк қызметшiлер:
      1) Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңнамасын сақтауға;
      2) Қазақстан Республикасының Президентi бекiткен тәртiппен мемлекеттiк қызметшiнiң антын қабылдауға;
      3) азаматтар мен заңды тұлғалар құқықтарының, бостандықтары мен заңды мүдделерiнiң сақталуын және қорғалуын қамтамасыз етуге, олардың өтiнiштерiн Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде қарауға және олар бойынша қажеттi шаралар қабылдауға;
      4) функцияларын өздерінің лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес жүзеге асыруға;
      5) лауазымдық өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде саяси партиялардың, қоғамдық және діни бірлестіктердің қызметінен бейтарап және тәуелсіз болуға;
      6) қызметтік тәртiпті сақтауға;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулердi сақтауға;
      8) қызметтік әдепті сақтауға;
      9) басшылардың бұйрықтары мен өкiмдерi, жоғары тұрған органдар мен лауазымды адамдардың шешiмдерi мен нұсқаулары олардың лауазымдық өкілеттіктері шегiнде шығарылған болса, оларды орындауға;
      10) мемлекеттiк құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтауға, оның iшiнде мемлекеттiк қызметтi тоқтатқаннан кейiн заңмен белгiленген уақыт iшiнде сақтауға, ол жөнiнде қолхат беруге;
      11) лауазымдық өкілеттіктерін атқару кезiнде алатын, азаматтардың жеке өмiрiн, ар-намысы мен қадiр-қасиетiн қозғайтын мәлiметтердi жария етпеуге және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, олардан мұндай ақпарат берудi талап етпеуге;
      12) мемлекеттiк меншiктiң сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттiк меншiктi қызметтiк мақсаттарда ғана пайдалануға;
      13) өздеріне мәлім болған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жағдайлары туралы өздері жұмыс істейтін мемлекеттік орган басшылығының және (немесе) құқық қорғау органдарының назарына дереу жеткізуге;
      14) лауазымдық міндеттерін тиiмдi атқару үшiн өзiнiң кәсiби деңгейi мен біліктiлiгiн арттыруға;
      15) өздерін жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқуға жіберген мемлекеттік органда тікелей оқу аяқталғаннан кейін, сондай-ақ уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік қызметте жұмыспен өтеуге мiндеттi. Осы міндеттемені орындамау мемлекеттік қызметшінің мемлекетке өзін оқытуға бөлінген бюджет қаражатын және оқумен байланысты шығындарды орындалмаған міндеттемелерге бара-бар өтеуіне әкеп соғады;
      16) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік органның ақпараттық ресурстарымен жұмыс процесінде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге міндетті.
      Мемлекеттік қызметшілердің өзге де міндеттері Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде белгіленуі мүмкін.

      11-бап. Мемлекеттік органдардың басшылары болып табылатын
               мемлекеттік саяси қызметшілердің және облыс,
               республикалық маңызы бар қалалар және астана
               әкімдерінің негізгі функциялары

  1. Мемлекеттік саяси қызметшілердің функционалдық міндеттері Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде, тиісті мемлекеттік орган туралы ережеде және міндеттердің бөлінуінде айқындалады.
    2. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары болып табылатын мемлекеттік саяси қызметшілердің және облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің негізгі функциялары мыналар болып табылады:
          1) мемлекеттік органның мақсаттарын, тиісті аумақты дамыту мақсаттарын айқындау;
          2) мемлекеттік саясатты тұжырымдауға, айқындауға және іске асыруға ықпал ететін шешімдерді қабылдау;
          3) сыртқы саясат қызметі саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің басшыларымен өзара іс-қимыл жасау;
          4) Қазақстан Республикасының Парламентінде және басқа да мемлекеттік органдар мен ұйымдарда мемлекеттік орган атынан өкілдік ету;
          5) мемлекеттік, үкіметтік бағдарламалардың және өзге де жобалардың орындалу барысын реттеу және бағалау;
          6) Қазақстан Республикасының Конституциясында, заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де функциялар.

      12-бап. Орталық мемлекеттік органдардың жауапты
               хатшыларының, аппарат басшыларының және облыс,
               республикалық маңызы бар қалалар және астана
               әкімдері аппараттары басшыларының өкілеттіктері

  1. Министрліктердің және Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының мәртебесі мен өкілеттіктерін Қазақстан Республикасының Президенті белгілейді.
    2. Орталық мемлекеттік органдардың аппарат басшыларының өкілеттіктеріне:
          1) мемлекеттік органға жүктелген мақсаттарды іске асыруды ұйымдастыру;
          2) өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастыру, үйлестіру және бақылау;
          3) мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекіту;
          4) егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік органның «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін мемлекеттік лауазымдарға тағайындау және мемлекеттік лауазымдардан босату;
          5) мемлекеттік органның тәртіптік және конкурстық комиссияларының қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асыру;
          6) қызметтік тәртіптің сақталуын бақылауды жүзеге асыру;
          7) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған жұмыскерлерді қоспағанда, мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілерін іссапарға жіберу, оларға демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу мәселелерін шешу;
          8) еңбек қатынастары мәселелері жоғары тұрған лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған жұмыскерлерді қоспағанда, мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік жауаптылығы мәселелерін шешу;
          9) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының орындалуын қамтамасыз ету;
          10) мемлекеттік органның мемлекеттік саяси қызметшілері қабылдаған шешімдердің орындалу барысын бақылау;
          11) Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде жүктелген өзге өкілеттіктерді жүзеге асыру жатады.
          3. Облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері аппараттары басшыларының өкілеттіктері «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен белгіленеді.
          4. Орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшыларына, аппарат басшыларына, облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері аппараттарының басшыларына орталық мемлекеттік органдардың (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының) бірінші басшыларының міндеттерін жүктеуге, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшыларының, аппарат басшыларының, облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері аппараттары басшыларының міндеттерін орталық мемлекеттік органдардың (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының) бірінші басшыларына және олардың орынбасарларына жүктеуге жол берілмейді.
          5. Құқық қорғау органдарының аппараттары басшыларының өкілеттіктерін олардың бірінші басшылары айқындайды.
          6. Орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшылары, аппарат басшылары және облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері аппараттарының басшылары осы бапта көзделген лауазымдық өкілеттіктердің орындалуына дербес жауапты болады.
          7. Орталық мемлекеттік органдардың жауапты хатшылары мен аппарат басшылары және облыс, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдері аппараттарының басшылары функциялары мен өкілеттіктерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органдарының басшылары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдері аталған адамдардың мемлекеттік лауазымды одан әрі атқаруы туралы мәселеге Қазақстан Республикасының Президенті белгілеген тәртіппен бастамашы болуға құқылы.

      13-бап. Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер

  1. Мемлекеттiк қызметшi:
    1) өкiлдi органның депутаты болуға;
          2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақы төленетін қызметпен айналысуға;
          3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, оның iшiнде коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оның лауазымдық өкілеттіктеріне кiрмейтiн болса, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;
          4) өзi қызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң тікелей бақылауындағы мемлекеттік органда үшiншi тұлғалардың істерi бойынша өкiл болуға;
          5) өзiнiң қызметтiк жұмысын материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз етуге арналған құралдарды, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсаттарда пайдалануға;
          6) ереуiлдi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және лауазымдық мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;
          7) лауазымдық өкiлеттiктерiн атқаруына байланысты азаматтар мен заңды тұлғалардың көрсетілетiн қызметтерін жеке мақсаттарында пайдалануға құқылы емес.
          2. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік лауазымға кіргеннен кейін бір ай ішінде осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өз меншігіндегі, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы кірістер алуға әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметті өткеру уақытында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сенімгерлік басқаруға беруге міндетті. Мүлікті сенімгерлік басқару шарты нотариатта куәландырылуға жатады. Мүлiктi сенiмгерлiк басқару шартының нотариат куәландырған көшiрмесiн мемлекеттiк қызметшi нотариат куәландырған күннен бастап он күн мерзiмде жұмыс орнындағы персоналды басқару қызметіне (кадр қызметiне) ұсынады.
          3. Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерін, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы мен мүшелерін қоспағанда, мемлекеттік қызметшілердің өздеріне тиесілі облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сенімгерлік басқаруға бермеуіне болады.
          4. Мемлекеттік қызметшінің сенімгерлік басқаруға берілген мүліктен кіріс алуға құқығы бар.
          Қазақстан Республикасы Үкіметінің мүшелерін, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің Төрағасы мен мүшелерін қоспағанда, мемлекеттік қызметшілер тұрғын-жайларын мүліктік жалдауға беруге құқылы.
          5. Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
          6. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарлары аталған мемлекеттік лауазымдарға тағайындалған күннен бастап бір ай мерзімде өздеріне тиесілі инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды және коммерциялық ұйымдардың акцияларын сенімгерлік басқаруға беруге және сенімгерлік басқару шартының нотариат куәландырған көшірмесін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің кадр қызметіне ұсынуға міндетті.
          Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы мен оның орынбасарлары инвестициялық қорлардың пайларын, облигацияларды, коммерциялық ұйымдардың акцияларын сатып алуға құқылы емес.
          7. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк қызметшi өзiнiң жақын туыстары (ата-аналары (ата-анасы), балалары, асырап алушылары, асырап алынғандары, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек аға-інілері мен апа-сіңлілері (қарындастары), аталары, әжелері, немерелері) немесе жұбайы (зайыбы) атқаратын лауазымға тiкелей бағыныстағы мемлекеттiк лауазымды атқара алмайды.

   3-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ КІРУ

      14-бап. Мемлекеттік саяси қызметке кіру

  1. Азаматтардың мемлекеттік саяси қызметке кiруi тағайындалу не сайлану негiзiнде, сондай-ақ басқа да жағдайларда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және шарттарда жүзеге асырылады.
    2. Мемлекеттік саяси лауазымға орналасу Қазақстан Республикасының заңдарында және өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда осы лауазымға орналасу үшін қажетті келісуден өткен және арнайы тексерудің оң нәтижелері алынған жағдайда жүзеге асырылады.
          3. Мемлекеттік саяси қызметке кіру үшін қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының Президенті айқындауы мүмкін.
          4. Мемлекеттік саяси қызметшілердің мемлекеттік әкімшілік лауазымдарды қоса атқаруына жол берілмейді.

      15-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру

  1. Осы Заңда көзделген жағдайларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жергілікті өкілді органдардың тағайындауы немесе сайлану жағдайларын қоспағанда, мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу конкурстық негізде жүзеге асырылады.
    2. Мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кіретін азаматтарды мемлекеттік әкімшілік лауазымға тағайындау арнайы тексерудің оң нәтижелері алынғаннан кейін жүзеге асырылады.
          3. Өкiлеттiктерiн теріс себептермен тоқтатқандарды қоспағанда, өз өкілеттіктерін тоқтатқан, өз өкілеттіктерін кемінде алты ай орындаған және белгіленген арнайы біліктілік талаптарына сай келетін Парламент депутаттары, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттары, мемлекеттiк саяси қызметшiлер, судьялар мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымдарға Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен кадр резервіне іріктеу және конкурс өткізілместен, уәкілетті комиссияның шешімі бойынша орналаса алады.

      16-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру шарттары

  1. Мемлекеттік лауазымдарға тиісті біліктілік талаптарына сай келетін, өзінің жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті және Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады.
    Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген жасы бойынша шектеу Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында олардың өкілеттік мерзімдері айқындалған мемлекеттік саяси лауазымдарға қолданылмайды.
          Зейнеткерлік жасқа жеткен адамды осы бапта көзделмеген өзге жағдайларда мемлекеттік саяси лауазымға тек Қазақстан Республикасының Президенті ғана тағайындауы мүмкін.
          Құқық қорғау органдарының лауазымдарына орналасуға үміткер азаматтарға қойылатын жасына байланысты шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
          РҚАО-ның ескертпесі!
          2-тармақ 01.01.2017 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 23.11.2015 № 416-V Заңымен.
          2. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына оқуға түсетіндерді қоспағанда, құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін азаматтар құқық қорғау органдарымен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен және мерзімдерде олардың жеке қасиеттерін бағалауды қоса алғанда, уәкілетті органда тесттен өтеді.
          3. Мемлекеттiк қызметке:
          1) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында тиісті мемлекеттік лауазымдарға қатысты өзге талаптар белгіленбесе, он сегіз жасқа дейінгі;
          2) сот әрекетке қабілетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп таныған;
          3) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;
          4) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi мемлекеттік лауазымдарға орналасу үшiн денсаулық жағдайына арнайы талаптар белгiленген жағдайларда, медициналық мекеменiң қорытындысы негізінде лауазымдық өкiлеттiктердi орындауға кедергi келтiретiн ауруы бар;
          5) өзiнiң мәртебесiн және соған негізделген беделiн жеке басының, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi мүмкін әрекеттерді болғызбау мақсатында өзіне осы Заңда белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;
          6) мемлекеттік қызметке кірер алдындағы үш жыл ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін тәртіптік жауаптылыққа тартылған азаматты қабылдауға болмайды. Бұл ретте мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық үшін қызметтен шығарылған азамат мемлекеттік қызметке жіберілмейді;
          7) мемлекеттiк қызметке кiрер алдындағы үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;
          8) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;
          9) мемлекеттік қызметке кiрер алдындағы үш жыл ішінде қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе қылмыстық теріс қылық немесе онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасағаны үшін өзіне қатысты қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
          10) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына заңда белгiленген тәртiппен өтелмеген немесе алынбаған сотталғандығы бар;
          11) ауыр немесе аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін бұрын сотталған немесе қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде босатылған;
          12) қылмыстық топтың құрамында қылмыс жасаған;
          13) қылмыстық топтың құрамындағы қылмыс туралы өзіне қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан;
          14) құқық қорғау органдарынан, арнаулы мемлекеттік органдардан және соттардан, әскери қызметтен теріс себептер бойынша шығарылған азаматты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда қабылдауға болмайды.
          4. Осы баптың 3-тармағында көрсетілген мәліметтерді көрсетпеу не қасақана бұрмалап көрсету мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз болып табылады.
          5. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде шығу тегіне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге мән-жайларға байланысты қандай да бір кемсітушілікке жол берiлмейдi.
          6. Адамдарды құқық қорғау органдарына қызметке қабылдаудағы шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленеді.
          7. Азаматтың және оның жұбайының (зайыбының) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген тәртіппен кірістері және өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы декларацияны мемлекеттік кіріс органдарына ұсынуы мемлекеттік қызметке кірудің міндетті шарты болып табылады.
          РҚАО-ның ескертпесі!
          7-тармақтың екінші абзацының қолданысқа енгізілу тәртібін ҚР 23.11.2015 № 416-V Заңының 68-бабынан қараңыз.
          Мемлекеттік лауазымға тағайындауға құқығы бар лауазымды адамның (органның) жұмысқа қабылдау туралы актісі шыққанға дейін азамат персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) кірістері және өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы декларацияны тапсырғаны туралы анықтаманы ұсынуға міндетті.

      17-бап. Біліктілік талаптары

  1. Мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға үміткер азаматтар белгіленген біліктілік талаптарына сай болуға тиіс.
    2. Мемлекеттік саяси лауазымдарға біліктілік талаптары белгіленбейді.
          3. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын арнайы біліктілік талаптарын Қазақстан Республикасының Президентi бекітеді.
          4. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптары мемлекеттік орган мен оның құрылымдық бөлімшелері қызметінің негізгі бағыттары, мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің лауазымдық өкілеттіктері ескеріліп әзірленеді.
          «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын біліктілік талаптарын мемлекеттік лауазымдарға тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган), егер Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде өзгеше көзделмесе, уәкілетті органмен және оның аумақтық бөлімшелерімен келісу бойынша мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға қойылатын үлгілік біліктілік талаптарының негізінде бекітеді.
          «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын үлгілік біліктілік талаптарын уәкілетті орган бекітеді.
          5. Құқық қорғау органдарында мемлекеттік лауазымдарға қойылатын біліктілік талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгіленеді.

      18-бап. Мемлекеттік қызметке кіру кезінде қабылданатын
               шектеулер

      Мемлекеттік қызметке қабылдану кезінде азаматтар өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін және соған негізделген беделін жеке басының, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануға алып келуі мүмкін әрекеттерді болғызбау мақсатында өзіне осы Заңда, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген шектеулерді қабылдайды.
      Бұл шектеулерді персоналды басқару қызметі (кадр қызметі) мемлекеттік қызметке қабылданған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жазбаша нысанда тіркейді.
      Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген шектеулерді қабылдамау мемлекеттік қызметке қабылдаудан бас тартуға немесе қызметтен шығаруға әкеп соғады.

      19-бап. Арнайы тексеру

  1. Мемлекеттiк қызметке алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметке оны тоқтатқаннан кейiн қайтадан кіретін азаматтар осы Заңға және Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттiк қызметке кiру шарттарына сәйкестігі тұрғысынан ұлттық қауіпсіздік органдары жүргізетін арнайы тексерудің оң нәтижелерін алуы қажет.
    Арнайы тексеруді жүргізу мерзімі үш айға дейінгі уақытты құрайды.
          2. Осы Заңға сәйкес мемлекеттік әкімшілік қызметке кіретін азаматтар арнайы тексерудің нәтижелері алынған күнге дейiн мемлекеттік әкiмшiлiк лауазым бойынша көзделген мiндеттердi уақытша атқарады.
          Олармен еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес реттеледi.
          Арнайы тексеруді жүргізу кезеңінде бұл азаматтарға мемлекеттік қызметшілердің міндеттері мен жауаптылығы, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер бөлігінде осы Заңның ережелері қолданылады. Бұл азаматтардың құқықтары еңбек шартында айқындалады.
          Жұмысқа қабылдау мемлекеттік органның актісімен ресімделеді.

      20-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiндегi сынақ мерзімі

  1. Мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметке оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кірген мемлекеттік қызметшілер үшін олардың атқаратын мемлекеттік лауазымдарына сәйкестігін тексеру мақсатында сынақ мерзімі белгіленеді. Сынақ мерзімінен өту туралы шарттар мемлекеттік органның мемлекеттік лауазымға тағайындау туралы актісінде көзделеді.
    Мемлекеттік саяси қызметке, «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне кірген мемлекеттік қызметшілер үшін сынақ мерзімі белгіленбейді.
          Құқық қорғау органдарына қызметке кірген мемлекеттік қызметшілер үшін сынақ мерзімі Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгіленеді.
          2. Сынақтан өтуші мемлекеттік қызметшілердің дәлелдi себептермен жұмыста болмаған кезеңдері сынақ мерзiмiне есептелмейдi.
          3. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш рет кірген, сондай-ақ «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кірген мемлекеттік қызметшілер үшін сынақ мерзімі үш айды құрайды.
          Сынақ мерзімінің нәтижесi қанағаттанарлықсыз болғанда сынақ мерзімі мемлекеттік лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) не ол уәкілеттік берген лауазымды адамның шешімі бойынша кейіннен қайта ұзартылмайтын үш айға ұзартылады.
          «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісін сынақ мерзімінің нәтижелерi бойынша қызметтен шығару уәкiлеттi органмен немесе оның аумақтық бөлiмшесімен келiсу бойынша жүзеге асырылады.
          4. Сынақ мерзімі кезеңінде, оның ішінде оны ұзартқан кезде мемлекеттік әкімшілік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілерге тәлімгерлер бекітіледі.
          5. Сынақ мерзімінен өтудің тәртібі мен шарттарын және тәлімгерлерді бекіту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      21-бап. Мемлекеттік қызметшілердің ант қабылдауы

  1. Антты:
    1) мемлекеттік қызметке алғаш рет кірген мемлекеттік қызметшілер;
          2) мемлекеттік қызметке оны тоқтатқаннан кейін қайтадан кірген мемлекеттік қызметшілер қабылдайды.
          Мемлекеттік қызметшілердің ант беру тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
          2. Мемлекеттік қызметші әкімшілік немесе өзге мемлекеттік лауазымнан мемлекеттік саяси лауазымға ауысуы кезінде ант береді.
          3. Мемлекеттік саяси қызметшілер әкімшілік немесе өзге мемлекеттік қызметке ауысқан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президентіне ант беруді көздейтін мемлекеттік лауазымдарды қоспағанда, басқа мемлекеттік саяси лауазымдарға тағайындалған немесе сайланған жағдайда қайта ант бермейді.

   4-тарау. «А» КОРПУСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ӘКІМШІЛІК ҚЫЗМЕТІНЕ КІРУ
ЖӘНЕ ОНЫ ӨТКЕРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

      22-бап. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің
               кадр резервіне іріктеу

  1. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеу «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына қойылатын белгіленген арнайы біліктілік талаптарына және осы Заңда белгіленген өзге де талаптарға сай келетін азаматтар қатарынан жүзеге асырылады.
    «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне іріктеуді уәкілетті комиссия Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен жүзеге асырады.
          2. Уәкілетті орган «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервін Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған тәртіппен уәкілетті комиссия ұсынған азаматтар қатарынан қалыптастырады.
          «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған азаматтарды «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкілеттік берген лауазымды адам «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізбестен тағайындай алады.

      23-бап. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына
               орналасуға арналған конкурс

  1. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу үшін конкурс өткізілуі мүмкін.
    2. «А» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған конкурс «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған азаматтар қатарынан жүзеге асырылады.
          Конкурсты осы мемлекеттік лауазымға тағайындау құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкілеттік берген лауазымды адам жүзеге асырады.
          «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға арналған конкурс уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын тәртіппен өткізіледі.

      24-бап. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік
               қызметшілерімен жасалатын еңбек шарттары

      Адамды «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына тағайындау кезінде онымен еңбек шарты жасалады.
      «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шартын мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) не ол уәкілеттік берген лауазымды адам (орган) жасайды.
      «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісімен еңбек шартын жасау, ұзарту және бұзу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      25-бап. Мемлекеттік лауазымды «А» корпусының мемлекеттік
               әкімшілік лауазымына өзгерту

  1. Мемлекеттік лауазым «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзгертілген жағдайда:
    1) мемлекеттік лауазымды «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервінде тұрған адам конкурстық іріктеу негізінде алмастырады;
          2) мемлекеттік лауазымды алмастыру мерзімін уәкілетті комиссия белгілейді;
          3) осы мемлекеттік лауазымды атқаратын мемлекеттік қызметші мемлекеттік лауазым осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес алмастырылғанға дейін осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген мерзім өткенге дейін жұмысын жалғастыруға құқылы.
          2. Мемлекеттік лауазымы «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына өзгертілген мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік орган оның біліктілігіне сәйкес және бос орынның болуына қарай мемлекеттік лауазым ұсынады.
          Мемлекеттік қызметші жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда қызметтен шығарылуға тиіс. Бұл ретте мемлекеттік орган кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік қызметшіге төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді.

   5-тарау. «Б» КОРПУСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ӘКІМШІЛІК ЛАУАЗЫМЫНА
ОРНАЛАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

      26-бап. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына
               мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін немесе
               қайтадан кіретін азаматтарды іріктеу

      «Б» корпусының мемлекеттік лауазымдарына алғаш рет кіретін немесе мемлекеттік қызметті тоқтатқаннан кейін оған қайтадан кіретін азаматтар мынадай іріктеу кезеңдерінен өтеді:
      1) уәкілетті орган айқындаған тәртіппен тесттен өту;
      2) уәкілетті органның қорытындысын ала отырып, жеке қасиеттерін бағалату;
      3) «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға арналған жалпы конкурс.

      27-бап. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына
               орналасуға арналған конкурс

  1. «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына орналасуға конкурс мынадай түрлерден тұрады:
    1) азаматтар арасындағы жалпы конкурс;
          2) мемлекеттік қызметшілер арасындағы ішкі конкурс.
          2. Конкурс мынадай бірқатар жүйелі кезеңдерді қамтиды:
          1) конкурс өткізу туралы хабарландыруды жариялау;
          2) конкурсқа қатысуға ниет білдірген адамдардан құжаттар қабылдау;
          3) мемлекеттік органның конкурстық комиссиясын не бірыңғай конкурстық комиссияны құру;
          4) конкурсқа қатысушылардың құжаттарын белгіленген біліктілік талаптарына сай болуы тұрғысынан қарау;
          5) конкурсқа қатысушылармен мемлекеттік органның конкурстық комиссиясы өткізетін әңгімелесу;
          6) мемлекеттік органның конкурстық комиссиясының қорытындысы.
          Конкурс өткізудің тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
          3. Орталық мемлекеттік органдарда, ведомстволарда және олардың аумақтық бөлімшелерінде конкурс өткізу кезінде хабарландырулар орталық мемлекеттік органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды Қазақстан Республикасының бүкіл аумағына таралатын мерзімді баспа басылымдарында жариялауға жол беріледі.
          Жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда конкурс өткізу туралы хабарландырулар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың және уәкілетті органның интернет-ресурстарында орналастырылады. Хабарландыруларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағына таралатын мерзімді басылымдарда жариялауға жол беріледі.
          Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) құрылған жағдайда хабарландырулар өзі соның құрылымында тұрған мемлекеттік органның интернет-ресурсында да орналастырылады.
          4. Егер конкурс «Б» корпусының уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына өткізілсе, осы шарт конкурс өткізу туралы хабарландыруда көрсетілуге тиіс.
          5. Конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушының «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымына орналасуға құқығы бар. Тағайындау құқығы бар лауазымды адам оны жарияланған мемлекеттік лауазымға қабылдауға мiндеттi. Бұл ретте Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптар сақталуға тиiс.
          6. Конкурстық комиссияның шешiмiне қатысты уәкілетті органға не сотқа шағым жасауға болады.

      28-бап. Жалпы конкурс

  1. Жалпы конкурс «Б» корпусының бос немесе уақытша бос төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымына, сондай-ақ осы Заңның 29-бабының 3-тармағында көзделген жағдайларда төменгі лауазым болып табылмайтын өзге де бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасу үшін өткізіледі.
    2. «Б» корпусының төменгі болып табылмайтын өзге де бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін жалпы конкурс орталық атқарушы органда не оның ведомствосында уәкілетті органмен келісу бойынша, ал орталық мемлекеттік органның немесе оның ведомствосының аумақтық бөлімшесінде не жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органда уәкілетті органның аумақтық бөлімшесімен келісу бойынша өткізіледі.
          Осы Заңның 29-бабында көзделген ішкі конкурс өткізу жөніндегі талаптардың сақталмауы жалпы конкурс өткізуден бас тартуға негіз болып табылады. Келісу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
          3. Жалпы конкурсқа қатысуға тест рәсімдерінен алдын ала өткен және уәкілетті орган белгілеген мәндерден төмен емес нәтижелері бар азаматтар жіберіледі.
          Тест нәтижелеріне шағым жасау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
          Мемлекеттік қызметке кіру кезінде конкурстық комиссия Қазақстан Республикасы азаматтарының қоғамдық бірлестіктер, қоғамдық кеңестер, үкіметтік емес ұйымдар жұмысына қатысқанын, волонтерлік, қайырымдылық қызметті жүзеге асырғанын ескереді.
          4. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері қорытынды бере отырып, азаматтардың жеке қасиеттерін бағалауды жүргізеді. Азаматтардың жеке қасиеттерін бағалауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды. Азаматтардың жеке қасиеттерін бағалау нәтижелерін конкурстық комиссия шешім қабылдау кезінде ескереді.

      29-бап. Ішкі конкурс

  1. «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін мемлекеттік орган осы мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізеді, оған оның ведомствосының, аумақтық бөлімшелерінің мемлекеттік қызметшілері де, сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметiнің құқықтық негіздерін, сондай-ақ оның жұмысын ұйымдастыру тәртібiн белгілейтін заңда айқындалған өзге де адамдар қатысуға құқылы.
    Персоналды басқарудың бірыңғай қызметі (кадр қызметі) немесе бірыңғай конкурстық комиссия құрылған жағдайда ішкі конкурс аталған қызмет немесе комиссия солар үшін құрылған мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында өткізіледі.
          2. Конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған кезде барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында ішкі конкурс өткізіледі.
          «Б» корпусының бос немесе уақытша бос болып табылатын төменгі мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу үшін ішкі конкурс өткізілмейді.
          3. Мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасында конкурстық комиссияның немесе бірыңғай конкурстық комиссияның оң қорытындысын алған конкурсқа қатысушылар болмаған жағдайда осы Заңның 28-бабына сәйкес жалпы конкурс өткізіледі.
          4. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары көмекшілерінің немесе кеңесшілерінің, баспасөз хатшыларының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілместен, атқаратын мемлекеттік лауазымынан бір мезгілде босата отырып, басқа мемлекеттік органдардан ауысу тәртібімен орналасуға жол беріледі. Аталған адамдардың мемлекеттік органның, аумақтық бөлімшелерін қоса алғанда, оның ведомствосының ішінде одан әрі ауысуына жол берілмейді.
          «Б» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына конкурс өткізілмей, ауысу тәртібімен орналасу Қазақстан Республикасының Президенті айқындаған тәртіппен өзге де жағдайларда жүзеге асырылуы мүмкін.
          Уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің келісімі ауысудың шарты болып табылады.
          5. Адам мемлекеттік әкімшілік қызметтен шығарылған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде, егер ол өзге де жеке және заңды тұлғалармен еңбек қатынастарында тұрмаған болса, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шықпаса, ішкі конкурстың қорытындылары бойынша «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға құқылы.
          Мұндай жағдайларда осы адамға міндетті арнайы тексеруден өту туралы, сынақ мерзімін белгілеу туралы және кірістері мен өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы декларацияны өзінің бұрынғы жұмыс орны бойынша тапсырған жағдайда оны ұсыну туралы талаптар қолданылмайды.

      30-бап. Мемлекеттік лауазымға тағайындау

  1. Азаматтарды мемлекеттік лауазымдарға тағайындауды және мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік лауазымдардан босатуды лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адам (орган) не өзіне осындай өкілеттіктер берілген өзге де лауазымды адам (орган) жүзеге асырады.
    2. Азаматтардың мемлекеттік қызметке кіруін ресімдеу кезінде мемлекеттік орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.
          3. Персоналды басқару қызметтері (кадр қызметтері) мемлекеттік қызметшілерге қызметтік тізімді толтырады. Қызметтік тізім нысанын уәкілетті орган бекітеді.
          4. Мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік лауазымы мен лауазымдық өкілеттіктерін растайтын құжат болып табылатын қызметтік куәлік беріледі.
          Қызметтік куәлікті беру тәртібін, оның сипаттамасын мемлекеттік орган бекітеді.

   6-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ӨТКЕРУ

      31-бап. Лауазымдық нұсқаулықтар

      Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және өзге де заңнамасында белгіленгендерден туындайтын лауазымдық өкілеттіктері және жауаптылығы біліктілік талаптары негізінде айқындалады және лауазымдық нұсқаулықтарда көрсетіледі.
      Лауазымдық нұсқаулықтарды мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам бекітеді және олардың орындалуы мемлекеттік лауазымға жүктелетін нақты функциялар тізбесін қамтиды.
      Лауазымдық нұсқаулықтарды әзірлеу мен бекіту тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      32-бап. Жұмыс уақыты

  1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жұмыс уақытының ұзақтығы осы Заңда көзделген ерекшелiктер ескерiле отырып, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес айқындалады.
    2. Мемлекеттік қызметшілер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді.
          3. Мемлекеттік органдар бекітетін мемлекеттік қызметшілердің еңбек тәртіптемесі қағидалары жұмыс уақыты мен демалыс уақытының режимін белгілейді.
          4. Шұғыл, күнi бұрын болжанбаған жұмыстарды орындау үшiн мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа, демалыс және мереке күндерiндегі жұмысқа тартылуы мүмкiн.
          Осы тармақта көзделген жағдайларда мемлекеттік қызметшіге демалыс күндері (сағаттары) беріледі немесе жұмысына мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу жүйесіне сәйкес өтемақы төленеді.

      33-бап. Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалау

  1. Мемлекеттік қызметшілер жұмысының тиімділігі мен сапасын айқындау мақсатында олардың жұмысын бағалау жүргізіледі.
    Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалауды жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
          Мемлекеттік қызметшілердің жұмысын бағалаудың нәтижелері бонустарды төлеу, көтермелеу, оқыту, ротациялау, мемлекеттік лауазымын төмендету не қызметтен шығару жөніндегі шешімдерді қабылдауға негіз болып табылады.
          2. Мемлекеттік саяси қызметшілердің жұмысын бағалауды Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын уәкілетті адам (орган) жүргізеді.
          3. Орталық атқарушы органдардың жауапты хатшыларының жұмысын бағалауды Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі жүргізеді.
          4. «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалауды «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісін мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам (орган) жүргізеді.
          «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалау әдістемесін уәкілетті орган бекітеді.
          «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қанағаттанарлықсыз бағасы уәкілетті комиссиямен келісу бойынша онымен жасалған еңбек шартын бұзуға негіз болып табылады.
          5. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің жұмысын бағалауды «Б корпусының әкімшілік қызметшісін мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адам құратын бағалау жөніндегі комиссия жүргізеді.
          Мемлекеттік органдар уәкілетті орган бекіткен үлгілік әдістеменің негізінде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің жұмысын бағалау әдістемесін әзірлейді және бекітеді.
          6. «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қатарынан екі жыл бойы қанағаттанарлықсыз баға алуы ол біліктілік талаптарына сай келген және төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған кезде оның мемлекеттік лауазымын төмендетуге әкеп соғады.
          Төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған кезде мемлекеттік қызметшіге басқа бос мемлекеттік лауазым ұсынылады.
          Бос мемлекеттік лауазым болмаған немесе мемлекеттік қызметші ұсынылған мемлекеттік лауазымнан бас тартқан кезде мемлекеттік қызметші атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығарылады.
          7. Мемлекеттік қызметші Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен өзінің жұмысын бағалау нәтижелеріне қатысты шағым жасауға құқылы.

      34-бап. Мемлекеттік қызметшілерді оқыту

  1. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді оқыту мемлекеттік қызметшілерді даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды қамтиды.
    Мемлекеттік қызметшілерді даярлау – жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша академиялық және ғылыми дәреже алуға арналған оқу процесі.
          Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау – қосымша кәсіби білім алуға арналған оқу курстары.
          Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру – олардың құзыретін жетілдіруге арналған оқыту семинарлары.
          2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үш жылда бір реттен сиретпей біліктілігін арттырудан өтеді.
          3. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы білім беру ұйымдарында және олардың филиалдарында мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру бойынша көрсетілетін қызметтерді сатып алу «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормалары қолданылмай жүзеге асырылады.
          4. Мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

      35-бап. Көтермелеу

  1. Мемлекеттік қызметшілерді көтермелеу лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындағаны және жұмыстағы басқа да жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың жұмысын бағалаудың нәтижелері бойынша қолданылады.
    Мемлекеттік қызметшілерге мынадай көтермелеулер қолданылуы мүмкін:
          1) біржолғы ақшалай сыйақы беру;
          2) алғыс жариялау;
          3) бағалы сыйлықпен марапаттау;
          4) грамотамен марапаттау;
          5) құрметті атақ беру;
          6) көтермелеудің өзге де нысандары, оның ішінде ведомстволық наградалармен марапаттау.
          2. Нақ сол ерекшеленгені үшін мемлекеттік қызметшіге бір ғана көтермелеу қолданылуы мүмкін.
          Көтермелеулерді қолдану тәртібі мемлекеттік органдардың актілерінде белгіленеді.
          3. Мемлекеттік қызметшілерді ерекше еңбек сіңіргені үшін «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік наградалармен марапаттауға ұсынуға болады.

      36-бап. Мемлекеттік қызметшілердің тағылымдамасы

      Мемлекеттік қызметшілердің тұрақты жұмыс орнынан тыс жерде кәсіби білім алуы мен тәжірибе жинақтауы мақсатында мемлекеттік органдардың жолдамасы бойынша олардың тағылымдамасы өткізіледі. Тағылымдамадан өту кезеңінде мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) және жалақысы сақталады.
      Мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің тағылымдамасы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      37-бап. Мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету

  1. Мемлекеттік қызметшілерді мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету олардың бiлiктiлiгi, құзыреттері, қабілетi, сiңiрген еңбегi және өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн адал орындауы ескеріліп жүзеге асырылады.
    2. Мемлекеттік органда мемлекеттік қызмет бабында ілгерілеу мемлекеттік органның штат кестесінде көзделген жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдарға сатылап көтеріліп орналасуды көздейді.
          Басқа мемлекеттік органдардағы жоғары тұрған мемлекеттік лауазымдар болып оларға неғұрлым жоғары біліктілік талаптары қойылатын, ал біліктілік талаптары тең болған кезде – неғұрлым жоғары жалақы белгіленген мемлекеттік лауазымдар түсініледі.
          3. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жаза қолдану туралы қаулының орындалуы аяқталған күннен бастап бір жыл ішінде немесе оның мемлекеттік қызметке кір келтіретін терiс қылық жасағаны үшін алынбаған тәртiптiк жазасы болған кезде мемлекеттік лауазымға ауысу тәртiбiмен, сондай-ақ конкурстардың қорытындылары бойынша орналасуына жол берiлмейдi.

      38-бап. Міндеттерді уақытша жүктеу

  1. Қызметтік қажеттілікке байланысты мемлекеттік қызметшіге атқаратын мемлекеттік лауазымынан босатпай, осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, басқа мемлекеттік лауазымның міндеттері уақытша жүктелуі мүмкін.
    2. Мемлекеттік қызметшіге мемлекеттік лауазымдарды уақытша қоса атқарғаны және уақытша болмаған мемлекеттік қызметшінің міндеттерін атқарғаны үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қосымша ақы белгіленеді.

      39-бап. Мемлекеттік қызметшілердің Қазақстан
               Республикасының мемлекеттік органдарына,
               шетелдегі мекемелеріне және өзге де ұйымдарға
               іссапарға баруы

  1. Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік органдардың алдына қойылған міндеттерді орындау мақсатында олардың бірінші басшыларымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, шетелдегі мекемелеріне және өзге де ұйымдарға іссапарға баруы мүмкін.
    2. Іссапарға барған мемлекеттік қызметшілердің бұрынғы жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы), сондай-ақ осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген құқықтары, кепілдіктері, жеңілдіктері, өтемақылары, үстемеақылары, төлемдері, зейнетақымен қамсыздандырылуы және әлеуметтік қорғалуы сақталады.

      40-бап. Мемлекеттік қызметшілердің әскери қызметке
               шақырылуы

      Мемлекеттік қызметшілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мерзімді әскери қызметке шақырылған жағдайда оларға мерзімді әскери қызмет кезеңінде жалақысы сақталмайтын демалыс беріледі және олардың жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) сақталады.

      41-бап. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді ротациялау

  1. Мемлекеттік қызметті өткеру кезінде кәсіби әлеуеттің неғұрлым тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді ротациялау жүзеге асырылады.
    «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін ротациялау деп мансаптық жоспарлау шеңберінде оларды «А» корпусының бос немесе уақытша бос мемлекеттік лауазымдарына не «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері арасындағы лауазымдық орын ауыстырулар түсініледі.
          Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастырудың тәртібін айқындайтын заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерін ротациялау деп «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері арасындағы лауазымдық орын ауыстырулар түсініледі.
          2. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастырудың тәртібін айқындайтын заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, ротация жүргізудің тәртібі мен мерзімдерін, ротациялауға жататын мемлекеттік әкімшілік қызметшілер лауазымдарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.
          Басқа жерге ротациялау кезінде мемлекеттік әкімшілік қызметшілер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жекешелендіру құқығынсыз қызметтік үй-жаймен қамтамасыз етіледі.
          Егер Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметінің құқықтық негіздерін, сондай-ақ жұмысын ұйымдастырудың тәртібін айқындайтын заңда өзгеше көзделмесе, мүгедек, жүкті, он төрт жасқа дейінгі баланы тәрбиелеп отырған, мүгедек балалары, оның ішінде асырап алған балалары бар (қорғаншы болып табылатын) жалғызбасты ата-ана болып табылатын немесе асырауында қарт ата-анасы бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді басқа жерге көшумен байланысты ротациялауға осы мемлекеттік қызметшілердің келісімі бойынша ғана жол беріледі.
          Аталған мән-жайлар құжат түрінде расталуға тиіс.

      42-бап. Мемлекеттік органды құру кезеңінде азаматтарды
               жұмысқа қабылдау

  1. Мемлекеттік органды құру туралы акт қабылданған күннен бастап, қызметтік қажеттілік жағдайында, бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарда көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін азаматтарды үш айдан аспайтын мерзімге жұмысқа қабылдауға жол беріледі.
    Ұзартуға болмайтын осы мерзім ішінде көрсетілген мемлекеттік лауазымдар осы Заңға сәйкес бос болмауға тиіс.
          «А» корпусының бос және (немесе) уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарында көзделген міндеттерді уақытша атқару үшін жұмысқа қабылдау «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған адамдар қатарынан жүзеге асырылады.
          2. Міндеттерді уақытша атқару үшін жұмысқа қабылданатын адамдар саны мемлекеттік органның штат санының жиырма пайызынан аспауға тиіс.
          Мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын осындай адамдар мен оларды жұмысқа уақытша қабылдаған мемлекеттік орган арасындағы еңбек қатынастары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен реттеледі.

   7-тарау. ҚЫЗМЕТТІК ТӘРТІП

      43-бап. Мемлекеттік қызметшілердің жауаптылығы

  1. Мемлекеттік қызметшілер өздерінің қызметтік міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес азаматтық-құқықтық, тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық жауаптылықта болады
    Мемлекеттік қызметші атқару үшін алынған өкімнің құқыққа сыйымды екеніне күмәнданған кезде ол жөнінде өзінің тікелей басшысына және өкімді берген басшыға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Лауазымы бойынша жоғары тұрған басшы осы өкімді жазбаша түрде растаған жағдайда, егер оны орындау қылмыстық жазалануға тиіс әрекеттерге әкеп соқпайтын болса, мемлекеттік қызметші оны орындауға міндетті. Мемлекеттік қызметшінің құқыққа сыйымсыз өкімді орындауының салдарлары үшін осы өкімді растаған басшы жауапты болады.
          2. Лауазымды адамдардың лауазымдық өкілеттіктерді атқаруға қатысы жоқ және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзуға бағытталған бұйрықтар мен нұсқаулар беруіне тыйым салынады.
          3. Мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік орган өздеріне қатысты қабылдаған шешімдер мен әрекеттерге жоғары тұрған лауазымды адамдарға, уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне немесе сотқа шағым жасауға құқығы бар.

      44-бап. Тәртіптік теріс қылықтар және жазалар

  1. Мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылығы (бұдан әрі – теріс қылық) – мемлекеттік қызметшінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы түрде, кінәлі түрде орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік тәртіп пен қызметтік әдепті бұзуы, сол сияқты Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген, мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулерді сақтамауы.
    2. Терiс себептермен қызметтен шығаруға әкеп соғатын тәртiптiк терiс қылық жасаған адамдарды өз еркiмен қызметтен шығару, адамдарды мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға құқыққа сыйымсыз тағайындау және (немесе) мемлекеттік әкімшілік лауазымдардан адамдарды құқыққа сыйымсыз босату, мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге тәртіптік жазаларды құқыққа сыйымсыз қолдану, тест тапсырмаларының және өзге де конкурстық сұрақтардың мазмұнын жария ету, мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қасақана қабылдамау да тәртіптік теріс қылық деп танылады.
          3. Тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін мемлекеттік қызметшілерге мынадай жаза түрлері қолданылады:
          1) ескерту;
          2) сөгіс;
          3) қатаң сөгіс;
          4) қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту немесе мемлекеттік лауазымын төмендету;
          5) атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару.
          Қазақстан Республикасының заңдарында өзге де жаза түрлері белгіленуі мүмкін.
          4. Мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жаза кез келген төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болған және мемлекеттік қызметші осы мемлекеттік лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген кезде қолданылады. Мемлекеттік лауазымын төмендету конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.
          Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза мемлекеттік лауазымын төмендету түріндегі тәртіптік жазаны қолдану мүмкін болмаған кезде қолданылады.
          Атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығару түріндегі тәртіптік жаза осы Заңда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша қолданылады.
          5. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 1), 6), 7), 8), 10), 11), 12) және 15) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, мемлекеттік лауазымын төмендетуге, ал төмен тұрған бос мемлекеттік лауазым болмаған жағдайда – қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға әкеп соғады.
          Бірінші тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде көрсетілген тәртіптік теріс қылықтардың кез келгенін қайталап жасау атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.
          6. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жазаны заңда белгіленген тәртіппен қолдануға не қызметтен шығаруға әкеп соғады.
          Бірінші тәртіптік теріс қылығы үшін тәртіптік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде көрсетілген тәртіптік теріс қылықтардың кез келгенін қайталап жасау атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.
          7. Мемлекеттік қызметшінің осы Заңның 50-бабы 1-тармағының 9), 13), 14), 16), 17), 18) және 19) тармақшаларында және 2-тармағында көрсетілген тәртіптік теріс қылықтың қайсыбірін жасауы, егер ол қылмыстық жазаланатын іс-әрекет не әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін қамтымаса, атқаратын мемлекеттік лауазымынан шығаруға әкеп соғады.
          8. Тәртіптік жазаны:
          1) лауазымдық өкiлеттiктерiне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адамдар (орган) қолданады;
          2) бірінші тәртіптік жазаны қолдану заңды болған және тәртіптік жаза теріс қылықтың ауырлығына сай келген жағдайда нақ сол терiс қылық үшiн қайталап қолдануға болмайды;
          3) тәртіптік жаза Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалатын тәртiппен қолданылады.
          9. Облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, аудандарда, қалаларда тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдар үшін бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі. Жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандық, қалалық атқарушы органдардың бірыңғай тәртіптік комиссиясы осы атқарушы органдардың басшыларын тағайындау құқығы бар лауазымды адамның (органның) шешімі бойынша құрылады.
          Орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелері үшін орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесінде бірыңғай тәртіптік комиссияны құруға жол беріледі. Аудандық, қалалық аумақтық бөлімшелердің бірыңғай тәртіптік комиссиясы орталық мемлекеттік органның және оның ведомствосының өңіраралық немесе облыстық аумақтық бөлімшесі басшысының немесе жоғары тұрған органның шешімі бойынша құрылады.
          10. Тәртіптік жазаны қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды.

      45-бап. Тәртіптік жазаларды қолдану мерзімдері

  1. Тәртіптік жаза теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады және оны теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешіктіріп қолдануға болмайды.
    Белгiлi бiр іс-әрекеттiң бiрыңғай құрамының үздiксiз жүзеге асырылуымен сипатталатын және оны анықтаған кезде аяқталмаған құқық бұзушылық созылмалы құқық бұзушылық деп танылады.
          2. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін осы Заңда көзделген тәртіптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және оны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.
          Қылмыстық қудалау органы немесе сот қылмыстық істі не әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан, бірақ адамның іс-әрекеттерінде осы Заңда көзделген, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасау белгілері болған жағдайда тәртіптік жаза қылмыстық істі тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей, бірақ осы теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей қолданылады.
          Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын бұзғаны үшін тәртіптік жаза терiс қылық анықталған күннен бастап үш айдан кешiктiрiлмей қолданылады және оны терiс қылық жасалған күннен бастап бiр жылдан кешiктiрiп қолдануға болмайды.
          Тәртіптік жауаптылыққа тартудың көрсетілген мерзімдеріне қылмыстық іс бойынша іс жүргізу немесе әкімшілік іс жүргізу уақыты кірмейді.
          3. Жазаны:
          1) мемлекеттiк қызметшiнiң еңбекке уақытша жарамсыздығы;
          2) мемлекеттік қызметшінің демалыста немесе iссапарда болуы;
          3) мемлекеттік қызметшінің мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттердi орындау уақытында өзінің лауазымдық міндеттерін орындаудан босатылуы;
          4) мемлекеттік қызметшінің даярлауда, қайта даярлауда, біліктілігін арттыру курстарында және тағылымдамада болуы;
          5) мемлекеттік қызметшінің тәртіптік теріс қылық жасағаны туралы мемлекеттік органдардың актілеріне оның сот тәртібімен шағым жасауы кезеңінде қолдануға болмайды.
          4. Тәртіптік жазаны қолдану мерзімінің өтуі осы баптың 3-тармағында көрсетілген жағдайларда, сондай-ақ қылмыстық іс тоқтатылғанға не сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін тоқтатыла тұрады.

      46-бап. Мемлекеттiк қызметшiлерді тәртiптiк жауаптылыққа
               тарту кезiнде олардың құқықтарына берілетін
               кепiлдiктер

  1. Мемлекеттік қызметші өзін тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты барлық материалдармен таныстырылуға тиіс, оған қызметтік тергеп-тексеру рәсіміне жеке өзінің қатысу құқығы беріледі.
    2. Жауаптылыққа тартылушы мемлекеттiк қызметшiлер жоғары тұрған басшылықтың алдында, уәкiлеттi органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне не сотқа мемлекеттiк органның немесе лауазымды адамның әрекеттерi мен шешiмдерiне қатысты шағым жасай алады.

      47-бап. Мемлекеттік қызметшілердің нұқсан келтіргені
               үшін материалдық жауаптылығы

  1. Мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік органға келтірілген нұқсан үшін материалдық жауаптылығы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда және мөлшерлерде туындайды.
    2. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органға келтірілген тікелей нақты нұқсанды өтеуге міндетті.
          3. Егер нұқсан еңсерілмейтін күш не аса қажеттілік, қажетті қорғаныс, сондай-ақ мемлекеттік органның мемлекеттік қызметшіге берілген мүліктің сақталуы үшін тиісті жағдайларды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамауы салдарынан орын алған болса, мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік органға келтірілген нұқсан үшін материалдық жауаптылығы туындамайды.

      48-бап. Мемлекеттік қызметшіні лауазымдық өкілеттіктерін
               атқарудан уақытша шеттету

      Мемлекеттік қызметші:
      1) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттетілуі мүмкін;
      2) мемлекеттік қызметшіні қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан шығару құқығы бар лауазымды адам (орган) жауаптылық туралы мәселе шешілгенге дейін, бірақ жалақысы сақтала отырып, бір айдан аспайтын мерзімге лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттетуі мүмкін.
      Мемлекеттік қызметшіні лауазымдық өкілеттіктерін атқарудан уақытша шеттету жөнінде лауазымдық өкілеттіктеріне сәйкес осындай құқығы бар лауазымды адамның (органның) немесе өзіне осындай өкілеттіктер берілген өзге де лауазымды адамның (органның) актісі шығарылады.

   8-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ ҚЫЗМЕТТІК ӘДЕБІ

      49-бап. Мемлекеттік қызметшілерге қызметтік әдепті
               сақтау бойынша қойылатын талаптар

  1. Мемлекеттік қызметшілер:
    1) заңдылық қағидатын басшылыққа алуға;
          2) мемлекеттік саясатты жақтауға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, өзінің әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекеттік қызметке кір келтіретіндей әрекеттер жасауға жол бермеуге;
          3) мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға;
          4) жалпыға ортақ қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға;
          5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздеріне құрметпен қараудың үлгісі болуға;
          6) қарамағындағы мемлекеттік қызметшілерден лауазымдық өкілеттіктерінен тыс тапсырмалар орындауын талап етпеуге;
          7) мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінде көзделген өзге де әдеп қағидаларын сақтауға міндетті.
          2. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті бұзуы осы Заңда белгіленген тәртіптік жауаптылыққа әкеп соғады.
          3. Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауына мониторинг жүргізу мен бақылауды әдеп жөніндегі уәкіл жүзеге асырады. Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ережені уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
          Әдеп жөніндегі уәкілдің қызметін үйлестіруді және әдіснамалық қамтамасыз етуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

      50-бап. Мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік
               теріс қылықтар

  1. Осы Заңда мемлекеттік қызметшілердің мынадай іс-әрекеттері мемлекеттік қызметке кір келтiретін тәртіптік теріс қылықтар болып танылады:
    1) басқа мемлекеттік органдардың, ұйымдардың қызметіне құқыққа сыйымсыз араласуы;
          2) өзінің лауазымдық өкілеттіліктерін жеке өзiнің не жақын туыстары мен жекжаттарының материалдық мүдделерін қанағаттандырумен байланысты мәселелерді шешу кезінде пайдалануы;
          3) мемлекеттік қызметке кіру және мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету кезінде заңда көзделмеген артықшылықтар беруі (тамыр-таныстық, отбасылық жақындық);
          4) шешімдерді дайындау мен қабылдау кезінде жеке және (немесе) заңды тұлғаларға құқыққа сыйымсыз қолдау көрсетуі;
          5) кәсіпкерлік және кіріс алумен байланысты өзге де қызметті жүзеге асыруда кімге болмасын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген кез келген жәрдем көрсетуі;
          6) мемлекеттік функцияларды орындау кезінде алынған ақпаратты, егер мұндай ақпарат ресми таратылуға жатпайтын болса, жеке немесе топтық мүдде үшін пайдалануы;
          7) Қазақстан Республикасының заңнамасында жеке және заңды тұлғаларға ұсынылуы көзделген ақпаратты беруден негізсіз бас тартуы не оны кешіктіріп беруі, анық емес немесе толық емес ақпарат беруі;
          8) Қазақстан Республикасының заңнамасында жеке және заңды тұлғалардың ұсынуы көзделмеген ақпаратты олардан талап етуі;
          9) мемлекеттік қаржылық және материалдық ресурстарды жекелеген кандидаттардың сайлау қорларына беруі;
          10) ресми адамдардың лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, мүліктік пайда, игіліктер не артықшылықтар алу үшін аталған адамдарға сыйлықтарды тарту етуі және қызметтік емес қызметтер көрсетуі;
          11) жеке және заңды тұлғаларға құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасауы;
          12) жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексі 151-бабының 1), 2), 3), 4) және  7)тармақшаларында, 156-бабы 2-тармағының 2), 6) және 8) тармақшаларында белгіленген тексерулерді ұйымдастыру мен жүргізуге қойылатын талаптарды өрескел бұзуы;
          13) кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға осындай қызметті мемлекеттiк реттеу, сондай-ақ бақылау мен қадағалау өкілеттіктерін беруі;
          14) мемлекеттік бақылау және қадағалау функцияларын мемлекеттік орган мәртебесі жоқ ұйымдарға беруі;
          15) жоғары тұрған немесе төмен тұрған не қызмет немесе жұмыс бабында олармен өзгеше тәуелдiлікте болатын лауазымды адамдармен ақшалай немесе өзге де мүлiктік сипаттағы құмар ойындарға қатысуы;
          16) егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше көзделмесе, өздерінің мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқарғаны үшін өзі оларда тиісті функциялар атқармайтын ұйымдардан, сондай-ақ жеке тұлғалардан ақша, көрсетілетін қызметтер түрінде және өзге де нысандарда кез келген сыйақыны қабылдауы.
          Мемлекеттiк қызметшінің шотына осы адам білмей келiп түскен ақша, сондай-ақ ол тиісті функцияларын осы тармақшаның бiрiншi абзацын бұза отырып атқаруына байланысты алған қаражат олар анықталғаннан кейiн екi аптадан аспайтын мерзiмде тиiстi мемлекеттік кіріс органына мұндай қаражаттың түсуiнiң мән-жайлары туралы түсiнiктеме ұсыныла отырып, республикалық бюджетке аударылуға жатады;
          17) өздерінің мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқаруға байланысты қызмет бабында өздеріне тәуелді мемлекеттік қызметшілерден және өзге адамдардан жалпы қамқорлығы немесе қызмет бабында бетімен кетушілік үшін сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауы.
          Мемлекеттік қызметші білмей келiп түскен, сондай-ақ ол тиiстi функцияларын осы тармақшаның бiрiншi абзацын бұза отырып атқаруына байланысты алған сыйлықтар жетi күн мерзiмде арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусіз тапсыруға жатады, ал мемлекеттік қызметшіге нақ сондай мән-жайларда көрсетiлген қызметтер үшiн ол республикалық бюджетке ақша аудару жолымен ақы төлеуге тиiс.
          Өзiне сыйлықтар келiп түскен мемлекеттік қызметші жоғары тұрған лауазымды адамның келiсiмiмен оларды аталған қордан тиiстi жерде қолданылып жүрген нарықтық бөлшек сауда бағасы бойынша сатып алуға құқылы. Сыйлықтарды сатудан түскен ақшаны арнаулы мемлекеттiк қор республикалық бюджетке аударады;
          18) шетелдік те, Қазақстан Республикасының да жеке және заңды тұлғалары есебiнен мемлекетішiлiк және шетелдiк туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруларды қабылдауы, оған мыналар:
          жұбайының (зайыбының), туыстарының өз есебiнен шақыруы бойынша;
          егер олармен арадағы қарым-қатынастар шақырылатындардың қызметтiк iс-әрекетi мәселелерiн қозғамаса, өзге де жеке тұлғалардың шақыруы бойынша (жоғары тұрған лауазымды адамның немесе органның келiсiмiмен);
          Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес немесе Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары мен шет мемлекеттердiң мемлекеттiк органдары арасындағы өзара уағдаластық бойынша тиiстi мемлекеттiк органдардың және (немесе) халықаралық ұйымдардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын;
          жоғары тұрған лауазымды адамның не органның келiсiмiмен ғылыми, спорттық, шығармашылық, кәсiби, гуманитарлық іс-шараларға қатысу үшiн ұйымдардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын сапарлар, оның iшiнде осындай ұйымдардың жарғылық қызметi шеңберiнде жүзеге асырылатын сапарлар қосылмайды;
          19) кредиттер, несиелер алуда, бағалы қағаздарды, жылжымайтын және өзге де мүлiкті сатып алуда Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген артықшылықтарды пайдалануы.
          2. Мемлекеттiк қызметшінің отбасы мүшелерi осы адам қызмет бабында солармен байланысты болатын шетелдік те, Қазақстан Республикасының да жеке және заңды тұлғалары есебiнен сыйлықтарды және көрсетілетін қызметтерді, туристiк, емдеу-сауықтыру және өзге де сапарларға шақыруларды қабылдауға құқылы емес. Мемлекеттiк қызметші өзiнiң отбасы мүшелерi заңсыз алған сыйлықтарды жетi күн мерзiмде арнаулы мемлекеттiк қорға өтеусіз тапсыруға және өзінің отбасы мүшелерi құқыққа сыйымсыз пайдаланған қызметтер құнын республикалық бюджетке ақша аудару жолымен өтеуге мiндеттi.

      51-бап. Мүдделер қақтығысы

  1. Егер мүдделер қақтығысы орын алған болса, мемлекеттiк қызметшiнің лауазымдық міндеттерін жүзеге асыруына тыйым салынады.
    2. Мемлекеттiк қызметшi мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қабылдауға тиiс.
          3. Мемлекеттiк қызметшi туындаған мүдделер қақтығысы немесе оның туындау мүмкiндiгi туралы өзiне белгiлi болған сәтте өзiнiң тiкелей басшысын немесе мемлекеттiк органның басшылығын ол жөнінде жазбаша түрде хабардар етуге мiндеттi.
          Тiкелей басшы немесе мемлекеттiк органның басшылығы мемлекеттiк қызметшiнiң өтiнiшi бойынша немесе басқа көздерден ақпарат алған кезде мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды уақтылы қабылдауға, оның iшiнде:
          1) мүдделер қақтығысы соған байланысты туындаған немесе туындауы мүмкiн мәселе бойынша мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық өкілеттіктерін атқаруды басқа мемлекеттік қызметшіге тапсыруға;
          2) мемлекеттiк қызметшiнiң лауазымдық мiндеттерiн өзгертуге;
          3) мүдделер қақтығысын жою жөніндегі өзге де шараларды қабылдауға тиіс.
          4. Мемлекеттiк қызметшi, оның тiкелей басшысы және мемлекеттiк органның басшылығы өздерiне белгiлi болған мүдделер қақтығысы жағдайларын болғызбау және реттеу жөніндегі шараларды қабылдамағаны үшiн тәртiптiк жауаптылықта болады.

      52-бап. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа
               қарсы мінез-құлқы

  1. Мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұруға, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға жол бермеуге тиіс.
    2. Мемлекеттік қызметшілер басқа мемлекеттік қызметшілер тарапынан жасалатын сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактілерінің жолын кесуге тиіс.
          3. Егер мемлекеттік қызметшіде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық туралы ақпарат болса, ол мұндай құқық бұзушылықты болғызбау және тоқтату жөніндегі қажетті шараларды қабылдауға, оның ішінде жоғары тұрған басшыға, өзі жұмыс істейтін мемлекеттік органның басшылығына, уәкілетті мемлекеттік органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға тиіс. Мемлекеттік қызметші өзін басқа адамдардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға көндіру жағдайлары туралы да аталған адамдар мен органдарға жазбаша нысанда дереу хабарлауға міндетті.
          Мемлекеттік органның басшылығы ақпаратты алған күннен бастап бір ай мерзімде мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы мәлімдеулері бойынша, оның ішінде тексерулер ұйымдастыру және уәкілетті органдарға өтініштерді жолдау арқылы шаралар қабылдауға міндетті.
          4. Мемлекеттік органның басшылығы сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар, өзін осы бұзушылықтарды жасауға көндіру жағдайлары туралы хабарлаған мемлекеттік қызметшінің құқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне қысым жасайтын қудалаудан қорғау жөніндегі шараларды қабылдауға міндетті.
          5. Мемлекеттік қызметшілер жеке және (немесе) заңды тұлғалардың өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруын қиындататын әрекеттерге (әрекетсіздікке) жол бермеуге тиіс.
          6. Мемлекеттік қызметшіге сыбайлас жемқорлық жасады деп жариялы түрде негізсіз айып тағылған кезде ол осындай айыптауды анықтаған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөніндегі шараларды қабылдауға тиіс.

   9-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ, ОЛАРДЫҢ ОТБАСЫ МҮШЕЛЕРІНІҢ
ӘЛЕУМЕТТІК КЕПІЛДІКТЕРІ

      53-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу

  1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң еңбегiне ақы төлеу қызметтiк мiндеттерiн мүлтіксiз және тиянақты атқаруы үшiн жеткiлiктi материалдық жағдайды қамтамасыз етуге, мемлекеттiк органдардың бiлiктi және тәжiрибелi кадрлармен жасақталуына ықпалын тигізуге, олардың адал және бастамашыл еңбегiн ынталандыруға тиiс.
    2. Мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу мемлекеттік қызметшілер орындайтын жұмыстың сипатына, көлеміне және нәтижелеріне байланысты сараланып белгіленеді.
          3. Мемлекеттiк қызметшiлердің еңбегіне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесі негізінде жүзеге асырылады.
          Мемлекеттік қызметшілерге бонустар төлеу, материалдық көмек көрсету, сондай-ақ «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу тәртібі мен шарттарын Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.
          4. Мемлекеттік қызметшілердің еңбегіне ақы төлеу республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражаты есебiнен жүргізіледі.
          5. Мемлекеттiк әкімшілік қызметшiлердiң жалақысы мен оларға төленетiн басқа да төлемдер Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен индекстелуге тиіс.

      54-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң демалысы

  1. Мемлекеттiк қызметшiлерге екi лауазымдық айлықақысы мөлшерiнде сауықтыру жәрдемақысы төленiп, ұзақтығы күнтiзбелiк отыз күнді құрайтын жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы берiледi.
    Мемлекеттік қызметшілерге алғашқы және одан кейінгі жылдардағы жұмысы үшін жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі.
          Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу оның басталуына күнтізбелік үш күн қалғаннан кешіктірілмей, ал еңбек демалысы графиктен тыс берілген жағдайда – берілген күнінен бастап күнтізбелік үш күннен кешіктірілмей жүргізіледі.
          2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң қалауы бойынша жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалыстары оларға бөлiп-бөлiп берiлуi мүмкiн. Бұл ретте жыл сайынғы ақы төленетiн еңбек демалысының бір бөлігі демалыс ұзақтығының күнтізбелік екі аптасынан кем болмауға тиіс.
          3. Мемлекеттік қызметшілерге Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген тәртіппен, оның ішінде олар жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде оқыған жағдайда жалақысы сақталмайтын демалыс берілуі мүмкін.
          4. Мемлекеттiк орган басшысының не жауапты хатшының, аппарат басшысының немесе Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын өзге де лауазымды адамның шешiмi бойынша мемлекеттiк қызметшiлер өздерінің келісімімен жыл сайынғы немесе қосымша демалыстан шақыртылуы мүмкiн. Пайдаланылмаған демалыстың қалған бөлігі мемлекеттік қызметшілерге тиісті жылдың кез келген басқа уақытында беріледі не келесі жылғы демалысына қосылады.

      55-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және
               әлеуметтiк қамсыздандыру

      Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарына және өзге де нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      56-бап. Мемлекеттік қызметшілерді әлеуметтік қорғау
               шаралары

  1. Мемлекеттiк қызметшiлер «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгiленген тәртiп бойынша тұрғын үймен қамтамасыз етіледi.
    2. Тұрғынжай жағдайларын жақсартуға мұқтаж мемлекеттiк қызметшiлерге жеке тұрғынжай құрылысы үшiн жер учаскелерi берiледi. Жер учаскелерiн берудің шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.
          3. Мемлекеттiк қызметшiлер және олармен бiрге тұратын отбасы мүшелерi медициналық қызмет көрсетуді тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау мекемелерiнде белгiленген тәртiппен пайдаланады.
          4. Мемлекеттік орган таратылған (жойылған) жағдайда мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде функцияларын, өкілеттіктерін және (немесе) штат бірліктерін беретін мемлекеттік органның қаражаты есебінен төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді не осы тармақта көрсетілген жағдайларда мемлекеттік лауазым ұсынылады.
          5. Мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған кезде жаңадан құрылған мемлекеттік органның басшылығы қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне олардың біліктілігіне сәйкес мемлекеттік лауазым ұсынады.
          6. Басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік орган осы берілген функцияларды, өкілеттіктерді атқарған және (немесе) осы штат бірліктерінде тұрған мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың біліктілігіне сәйкес мемлекеттік лауазым ұсынады.
          Мемлекеттік әкімшілік қызметшілер жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда жұмыстан шығарылуға тиіс. Кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі бар мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге басқа мемлекеттік органның, оның ішінде жойылған (таратылған) немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органның функциялары, өкілеттіктері және (немесе) штат бірліктері берілген мемлекеттік орган төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысын төлейді.
          7. Мемлекеттік органның штат саны қысқартылған кезде қысқартылатын мемлекеттік лауазымды атқарып отырған мемлекеттік қызметшіге кемінде үш жыл мемлекеттік қызмет өтілі болған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерінде жұмыстан шығу жәрдемақысы төленеді.
          8. Мемлекеттiк қызметшi қайтыс болған жағдайда оның отбасы мүшелерiне мемлекеттiк органдағы соңғы қызмет орны бойынша үш орташа айлық жалақысы мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленеді, бұл ретте жәрдемақының мөлшері «Қазақстан Республикасында мүгедектігі бойынша, асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша және жасына байланысты берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленгеннен төмен болмауы керек.

      57-бап. Мемлекеттік қызметшілердің іссапарлар кезіндегі
               кепілдіктері мен өтемақылары

  1. Мемлекеттiк қызметшілерге Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен қызметтiк iссапарларға, оның iшiнде шет мемлекеттерге iссапарға баруға арналған шығыстары өтеледi.
    Мемлекеттiк қызметшілерге iссапарда болған уақытына тәулікақы алуға, межелі жерге жету және кері қайту үшін жүріп-тұру шығыстарына, тұрғын үй-жай жалдау шығыстарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген кепiлдiктер мен құқық беріледі.
          2. Іссапардың барлық уақыты бойында іссапарға жiберiлген мемлекеттiк қызметшілердiң жұмыс орны (мемлекеттік лауазымы) мен орташа жалақысы сақталады.

      58-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының кепілдіктері мен
               өтемақылары

      Дипломатиялық қызмет персоналының кепілдіктері мен өтемақылары Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi жұмысының құқықтық негіздерін, сондай-ақ оны ұйымдастыру тәртібiн айқындайтын заңда белгіленеді.

   10-тарау. МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТІ ТОҚТАТУЫ

      59-бап. Мемлекеттік саяси қызметшілердің мемлекеттік
               қызметті тоқтатуы

      Мемлекеттік саяси қызметшінің саяси лауазымда атқаратын өкілеттіктері:
      1) ол Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;
      2) мемлекеттік орган таратылған (жойылған);
      3) мемлекеттік саяси қызметші өзінің кірістері және өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы көрінеу жалған мәліметтер ұсынған;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген міндеттер мен шектеулерді сақтамаған;
      5) өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлікті сенімгерлік басқаруға бермеген;
      6) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаған;
      7) мемлекеттік саяси қызметшіге қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
      8) мемлекеттік саяси қызметшінің өкілеттіктерін доғару туралы жеке жазбаша өтініші негізінде отставкасы қабылданған;
      9) мемлекеттік саяси қызметшіні ол атқаратын лауазымға тағайындау (сайлау) құқығы берілген лауазымды адам (орган) тиісті шешім қабылдаған;
      10) басқа жұмысқа ауысқан;
      11) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін бұрын қызметтен шығарылған, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында қылмыс жасаған адамды мемлекеттік қызметке қабылдаған;
      12) қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс туралы соған қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан адамды мемлекеттік қызметке қабылдаған;
      13) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатылған, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс туралы қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан;
      14) мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тартуға негiз болып табылатын көрiнеу жалған құжаттарды немесе мәлiметтерді мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде ұсынған;
      15) егер Қазақстан Республикасының Конституциясында және заңдарында өзгеше көзделмесе, ол Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен жағдайларда тоқтатылады.
      Қазақстан Республикасының Президенті тағайындайтын мемлекеттік саяси қызметшілер зейнеткерлік жасқа жеткені бойынша өз өкілеттіктерін жалғастыруды Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша бес жылға дейінгі мерзімге жүзеге асыра алады;
      16) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де негіздер туындаған жағдайларда тоқтатылады.
      Мемлекеттік саяси қызметшінің өкілеттіктері мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған, мемлекеттік қызметшілердің саны немесе штаты қысқартылған, мемлекеттік саяси лауазым мемлекеттік әкімшілік лауазымға өзгертілген жағдайларда да тоқтатылуы мүмкін.

      60-бап. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң отставкаға
               шығуы және қызметтен шығарылуы

  1. Отставка дегенiмiз мемлекеттiк саяси қызметшiнiң тиiстi мемлекеттiк лауазымдағы мiндеттерiн атқаруды тоқтатуы, ол оның жазбаша өтініші негiзiнде жүзеге асырылады.
    2. Отставканы мемлекеттiк саяси қызметшiнi осы мемлекеттiк лауазымға тағайындаған (сайлаған) мемлекеттiк орган немесе лауазымды адам қабылдайды немесе одан уәжді түрде бас тартады. Отставканы қабылдау немесе одан бас тарту туралы шешiм жазбаша өтініш берiлген күннен бастап бiр ай мерзiмде қабылданады. Отставкадан бас тартылған жағдайда саяси қызметшi қызметтiк өкілеттiктерiн атқаруды жалғастыруға тиiс және оның қызметтен шығарылуға құқығы бар.
          3. Мемлекеттік саяси қызметшілер Қазақстан Республикасының Конституциясында, осы Заңда және өзге де заңнамасында белгіленген негіздерде және тәртіппен отставкаға өтініш береді және отставкаға кетеді.
          Егер отставкаға шығу негіздері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген болса, мемлекеттік саяси қызметшілер осы Заңда немесе Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген жалпы негіздер бойынша қызметтен шығарылады.
          4. Лауазымдық өкiлеттiктерiн өрескел бұзу, мемлекеттiк қызметте болуға лайықсыз теріс қылықтар жасау мемлекеттiк саяси қызметшiнiң отставкаға шығуына негiз бола алмайды, ал қызметтен шығаруға негiз болып табылады. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердi қызметтен шығарудың негiздерi мен тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

      61-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк
               қызметтi тоқтатуы

  1. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметтi тоқтатуына мыналар негіз болып табылады:
    1) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін олардың жауаптылығын қарау жағдайларын қоспағанда, олардың өз қалауы бойынша қызметтен шығару туралы өтініш беруi;
          2) басқа мемлекеттік лауазымға орналасуы;
          3) мемлекеттік қызметте болу мерзімін тараптардың өзара келісімі бойынша бір жылға ұзарту құқығы ескеріліп, олардың Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа толуы;
          4) еңбек шарты мерзiмiнiң аяқталуы не Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында және Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген негiздер бойынша еңбек шартының бұзылуы;
          5) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген олардың өкілеттік мерзімдерінің аяқталуы;
          6) олар атқаратын мемлекеттік лауазымдардың саяси лауазымдарға не жергілікті өкілді органдар азаматтарды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тағайындайтын немесе олар сайланатын мемлекеттік лауазымдарға өзгертілуі;
          7) мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң өз кірістері мен өзіне меншік құқығымен тиесілі мүлкі туралы көрiнеу жалған мәлiметтер ұсынуы;
          8) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мiндеттерді және (немесе) шектеулердi сақтамауы;
          9) өзіне заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы меншiк құқығымен тиесілі үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы кірістер алуға әкелетін өзге де мүлікті сенiмгерлік басқаруға бермеуi;
          10) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтуы;
          11) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасауы;
          12) қылмыс не қасақана қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін соттың айыптау үкiмiнің заңды күшіне енуi;
          13) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған немесе сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық не мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін бұрын қызметтен шығарылған, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында қылмыс жасаған адамды мемлекеттік әкімшілік лауазымға қабылдау;
          14) қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс туралы соған қатысты қылмыстық істі қылмыстық қудалау органы немесе сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатқан адамды мемлекеттік әкімшілік лауазымға қабылдау;
          15) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін қылмыстық істің Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатылуы, сондай-ақ қылмыстық топ құрамында жасалған қылмыс туралы қылмыстық істі қылмыстық қудалау органының немесе соттың Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексі Ерекше бөлігінің тиісті бабында көзделген бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның төменгі шегінің мерзімі аяқталғанға дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексі 35-бабы бірінші бөлігі 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде тоқтатуы;
          16) мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тартуға негiз болып табылатын көрiнеу жалған құжаттарды немесе мәлiметтердi мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде ұсынуы;
          17) мемлекеттiк лауазымға тағайындалу кезiнде осы Заңда белгіленген талаптарға сай келмеуі;
          18) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға конкурстан тыс орналасуы;
          19) аттестаттаудың терiс нәтижелерi;
          20) осы Заңға сәйкес олардың жұмысын бағалаудың қанағаттанарлықсыз нәтижелері;
          21) мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасауы;
          22) Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде көзделген өзге де негiздемелер.
          2. «А» корпусының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерінің мемлекеттік қызметті тоқтатуына мемлекеттік лауазымға тағайындау және мемлекеттік лауазымнан босату құқығы бар лауазымды адамның (органның) уәкілетті комиссия ұсынымы негізінде қабылданатын шешімі де негіз болып табылады.
          3. Осы баптың 1-тармағының 7), 8), 9), 11), 12), 13), 14), 15), 16) және 21) тармақшаларына сәйкес қызметтен шығарылған мемлекеттік әкімшілік қызметшілер терiс себептермен шығарылған болып танылады
          4. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердi қызметтен шығаруды мемлекеттiк органның мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға қабылдауға құқығы бар тиiстi лауазымды адамы осы Заңға сәйкес жүргiзедi.
          5. Қызметтен шығарумен келіспеген жағдайда мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң жоғары тұрған басшылық алдында, уәкiлеттi органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне не сотқа өзін қызметтен шығару туралы шешімге қатысты шағым жасауға құқығы бар.
          6. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, сондай-ақ мемлекеттік органдардың мемлекеттік әкімшілік қызметшілер болып табылатын басшыларының ауысуы жаңадан тағайындалған мемлекеттiк саяси және (немесе) әкімшілік қызметшілердің бастамасы бойынша мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшінің атқаратын мемлекеттік лауазымдағы мемлекеттiк қызметiн тоқтатуына негiз болып табылмайды.

   11-тарау. ӨЗГЕ ДЕ МӘСЕЛЕЛЕР

      62-бап. Мемлекеттік қызметке қайта орналастыру

  1. Адамды мемлекеттік қызметке қайта орналастыру, егер оның өтініші соттың ақтау үкімі күшіне енген не ақтайтын негіздер бойынша қылмыстық істің тоқтатылуы туралы қаулы шығарылған кезден бастап үш ай ішінде берілген болса, өтініш берген күнінен бастап бір ай мерзімнен кешіктірілмей жүргізіледі.
    2. Мемлекеттік қызметші сот шешімімен мемлекеттік лауазымға қайта орналастырылған жағдайда бұл лауазымнан осы негіз бойынша шығарылған адам үш ай ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен ішкі конкурстарға қатысуға құқылы.
          3. Мемлекеттік органнан қылмыс жасағаны үшін сотталуына байланысты қызметтен шығарылып, кейіннен ақталған және тиісінше мемлекеттік лауазымға қайта орналастырылған мемлекеттік қызметшілерге жұмыста мәжбүрлі түрде болмаған уақыты үшін Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасында белгіленген тәртіппен қылмыстық процесті жүргізетін органдардың заңсыз әрекеттерімен келтірілген зиян өтеледі.
          4. Мемлекеттік қызметшілер қызметтен заңсыз шығарылған жағдайда осыған байланысты оларға келтірілген нұқсан олар қызметтен шығарылған мемлекеттік органның есебінен толық көлемде өтелуге тиіс.
          Қызметтен заңсыз шығарылған мемлекеттік қызметшілер біліктілік талаптарына сай келген жағдайда мемлекеттік қызметке бұрынғы (олардың келісімімен – соған тең) мемлекеттік лауазымға қайта орналастырылады және қызметтен заңсыз шығарылғаннан кейін қол жеткізе алмаған барлық құқықтармен қамтамасыз етіледі. Бұл кезең мемлекеттік қызмет өтіліне қосылады.

      63-бап. Аттестаттау

  1. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестаттау тәртібін, оның мерзімдерін және аттестатталатын мемлекеттік қызметшілердің санаттарын айқындайтын Қазақстан Республикасы Президентінің шешімі бойынша өткізіледі.
    2. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді аттестаттауды өткізу үшін құрамына кемінде бес адам кіруге тиіс аттестаттау комиссиясы құрылады. Аттестаттау комиссиясын төраға басқарады.
          3. Аттестаттау қорытындысы бойынша аттестаттау комиссиясы мынадай шешімдердің біреуін қабылдайды:
          1) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келеді және мемлекеттік лауазымын жоғарылатуға ұсынылады;
          2) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай келеді;
          3) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай емес және мемлекеттік лауазымын төмендетуге ұсынылады;
          4) атқаратын мемлекеттік лауазымына сай емес және қызметтен шығаруға ұсынылады.
          4. Аттестаттау комиссиясының отырысына дәлелсіз себеппен екі рет келмеген мемлекеттік әкімшілік қызметшілер қызметтен шығарылуға ұсынылады.
          5. Аттестаттаудан өтпеген және (немесе) мемлекеттік органдарда өзге де, оның ішінде төмен тұрған мемлекеттік лауазымдарда мемлекеттік қызметті жалғастырудан бас тартқан мемлекеттік әкімшілік қызметшілер қызметтен шығарылуға тиіс.
          6. Аттестаттау қорытындысы бойынша мемлекеттік әкімшілік лауазымын жоғарылату жоғары тұрған бос мемлекеттік әкімшілік лауазым болған және мемлекеттік қызметші осы лауазымға белгіленген біліктілік талаптарына сай келген жағдайда конкурстық рәсімдер өткізілмей жүзеге асырылады.
          7. Аттестаттау комиссиясының аттестаттау қорытындысы бойынша қабылдаған шешімі мемлекеттік қызметшіні жоғары тұрған мемлекеттік әкімшілік лауазымға ұсынуға, мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік әкімшілік лауазымын төмендетуге немесе оны қызметтен шығаруға негіз болып табылады.
          8. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік органның басшысына, уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне не сотқа аттестаттау комиссиясының шешіміне қатысты шағым жасай алады.

      64-бап. Мемлекеттік органдарға шетелдік жұмыскерлерді
               тарту

  1. Мемлекеттік органдар уәкілетті комиссияның шешімі бойынша шетелдік жұмыскерлерді Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмысқа қабылдай алады. Шетелдік жұмыскерлер мемлекеттік лауазымдарға орналаса алмайды және лауазымды адамдар бола алмайды.
    Шетелдік жұмыскерлердің лауазымдарын мемлекеттік органдар уәкілетті комиссияның келісімі бойынша белгілейді. Мемлекеттік органдар қабылдайтын шетелдік жұмыскерлер қызметінің сапасы үшін дербес жауаптылық мемлекеттік органдардың басшыларына жүктеледі.
          2. Мемлекеттік органдарға жұмысқа қабылдау кезінде шетелдік жұмыскерлер Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының міндетті арнайы тексеруінен өтуге тиіс.
          3. Шетелдік жұмыскерлерді тарту тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      65-бап. Мемлекеттік қызмет саласындағы халықаралық
               ынтымақтастық

      Мемлекеттік қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастық Қазақстан Республикасы уәкілетті органының мемлекеттік қызметті одан әрі дамыту мен жетілдіруге бағытталған, шетелдік және халықаралық ұйымдар қатысатын бастамаларға, бағдарламалар мен жобаларға қатысуы арқылы жүзеге асырылады.
      Халықаралық ынтымақтастық мынадай бағыттарды қамтиды:
      1) мемлекеттік қызмет саласындағы халықаралық ұйымдарды құру және олардың қызметіне қатысу;
      2) мемлекеттік қызметшілерді шет елдерде оқыту;
      3) шетелдік мемлекеттік қызметшілерді және өзге де адамдарды Қазақстан Республикасында оқыту;
      4) мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша бірлескен зерттеулерді жүзеге асыру.

      66-бап. Мемлекеттiк қызметті өткерудiң өзге де мәселелерi

      Мемлекеттiк қызметті өткерудің осы Заңда реттелмеген өзге де мәселелерi Қазақстан Республикасының заңдарында, уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнің актілерінде, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде регламенттеледі.

   12-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

      67-бап. Мемлекеттік қызметті қаржылық және
               материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      Мемлекеттік қызметті қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген тәртіппен мемлекеттік бюджеттің қаражаты, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      68-бап. Өтпелі ережелер

  1. Осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне алынған азаматтар «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына «Б» корпусының кадр резервінде болудың бір жылдық мерзімі өткенге дейін конкурс өткізілмей тағайындалуы мүмкін.
    2. Осы Заңның 16-бабы 7-тармағы екінші абзацының ережелері 2017 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыста болады.

      69-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

  1. Осы Заң, 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 16-баптың 2-тармағын қоспағанда, 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
    2. «Мемлекеттік қызмет туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1999 ж., № 21, 773-құжат; 2001 ж., № 13-14, 170-құжат; 2003 ж., № 4, 24-құжат; № 18, 142-құжат; 2005 ж., № 14, 61-құжат; 2007 ж., № 9, 67-құжат; № 17, 140-құжат; № 19, 147-құжат; 2009 ж., № 24, 122, 126-құжаттар; 2010 ж., № 24, 148-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; № 20, 158-құжат; 2012 ж., № 5, 36-құжат; № 13, 91-құжат; № 21-22, 123-құжат; 2013 ж., № 8, 50-құжат; № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 14, 84-құжат; № 16, 90-құжат; № 21, 122-құжат; № 22, 131-құжат) күші жойылды деп танылсын.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н. НАЗАРБАЕВ

 

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК