РҚАО-ның ескертпесі!
Осы кодекстің қолданысқа енгізілу тәртібін 283-баптан қараңыз.
Осы Кодекс неке-отбасы (ерлі-зайыптылық-отбасы) қатынастарын реттеудің мақсаттарын, міндеттерін, қағидаттарын және құқықтық негіздерін айқындайды, отбасының дамуын Қазақстан Республикасының мемлекеттік әлеуметтік саясатының басым бағыты ретінде айқындай отырып, оның құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етеді.
ЖАЛПЫ БӨЛІМ
1-БӨЛІМ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР
1-тарау. ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ
НЕКЕ-ОТБАСЫ ЗАҢНАМАСЫ
1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар
- Осы Кодексте мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) азаматтық хал актілері – адамды дараландыратын және оның құқықтары мен міндеттерінің туындауымен, болуымен және тоқтатылуымен байланысты болатын заңдық тұрғыдан ресімделген мән-жайлар;
2) азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі (бұдан әрі – тіркеуші орган) – азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын жергілікті атқарушы орган;
3) аккредиттеу - Қазақстан Республикасының балалардың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органының бала асырап алу жөніндегі агенттіктердің өз қызметін жүзеге асыру құқығын ресми тануы;
4) алименттер – бір адам оны алуға құқығы бар екінші адамға беруге міндетті ақшалай немесе материалдық қаражат;
5) ата-аналарының (ата-анасының) қамқорлығынсыз қалған бала (балалар) – ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айрылуына, хабарсыз кеткен деп танылуына, қайтыс болған деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабiлетi шектелген деп танылуына, бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, бала тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның ішінде баланы тәрбиелеу немесе медициналық ұйымнан алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-ана қамқоршылығы болмаған және Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өз құқықтары мен мүдделерінің қажетті қорғалуын қамтамасыз етуге мұқтаж болған өзге де жағдайларда жалғыз ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынан айрылған бала (балалар);
6) ата-анасы бас тартқан бала (ата-анасы бас тартқан балалар) – тиісті заңды құжаттарды ресімдеу жолымен оны одан әрі тәрбиелеуден, оқытудан, материалдық қамтамасыз етуден ата-аналары (ата-анасы) бас тартқан бала;
7) әке болуды анықтау - баланың анасымен некеге тұрмаған (ерлі-зайыпты болмаған) адамның балаға қатысты әке болуын тіркеуші органның анықтауы не сот тәртібімен анықтау;
8) бала (балалар) – он сегіз жасқа (кәмелетке) толмаған адам;
9) бала асырап алу - нәтижесінде шығу тегі бойынша туыстарының құқықтары мен міндеттеріне теңестірілетін жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтар мен міндеттер туындайтын сот шешімі негізінде баланы (балаларды) отбасына тәрбиелеуге берудің құқықтық нысаны;
10) бала асырап алу жөніндегі агенттіктер - өз мемлекетінің аумағында балаларды асырап алу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және осы Кодексте белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында осындай қызметті жүзеге асыру үшін аккредиттелген коммерциялық емес шетелдік ұйымдар;
ЖАЛҒАСЫ МЫНА СІЛТЕМЕДЕ