«1000 мектепке әдістемелік көмек» жобасы аясында «Білім сапасын арттырудың тиімді тәжірибелері» тақырыбында семинар өтті
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен 2024 жылдың 22 мамыр күні «1000 мектепке әдістемелік көмек» жобасы аясында «Білім сапасын арттырудың тиімді тәжірибелері» тақырыбында семинар өткізілді.
Мектеп педагогтерінің шығармашылық әлеуетін дамыту үшін жағдай жасау, тиімді оқыту бойынша білім сапасын арттыруға бағытталған идеялар мен озық тәжірибелерді тарату, «Табыс аймағы» онлайн марафон жұмысын қорытындылау мақсатында өткен іс-шараға офлайн режимінде 83, онлайн режимінде 188, барлығы 271 педагог қатысты.
Семинар ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары М.Т.Мелдебекованың алғы сөзімен ашылды.
Іс-шара барысында облыстық оқу-әдістемелік орталығының басшысы Ш.Өсерова «1000 мектепке әдістемелік көмек» жобасын іске асыру бағытында 2023-2024 оқу жылында жүргізілген іс-шаралардың қорытындысы туралы баяндады. Қордай аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі С.А.Бахрамова, Байзақ ауданы, Н.Киікбаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры Г.С.Ермекова, Тараз қаласы, №53 мектеп-гимназиясының директоры С.Е.Төлеу «Сапалы білім беруге бағытталған менеджер құзыреттілігі», «Мектепішілік бақылауды тиімді жоспарлау және оны жүзеге асырудың басымдықтары мен негізгі тетіктері», «Педагогтердің кәсіби әлеуетін жетілдіру арқылы білім сапасын қамтамасыз етудің тиімді жолдары» тақырыптарында білім сапасын арттыру бағытындағы іс-тәжірибелерімен бөлісті. Орыс тілі, математика, физика, бастауыш сынып мұғалімдері панорамалық сабақтар көрсетті.
Семинар соңында «1000 мектепке әдістемелік көмек» жобасына енген 52 мектептің ұжымына ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің арнайы сертификаттары табысталды.