БАСТЫ БЕТ - Оқу-әдістемелік кабинет

БАСТЫ БЕТ

                                          Облыстық шеберлік сынып өтті

2022 жылдың 4 қазан күні облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен білім беру ұйымдарының кітапхана қызметкерлеріне арналған «Кітапхана жұмысы: жаңа ізденіс, жаңа талап. Мектеп кітапханасында өткізілетін көпшілік жұмыс түрлері және оларды ұйымдастыру әдістері» тақырыбында облыстық шеберлік сынып өтті.
Аталған іс-шара жаңадан тағайындалған кітапхана қызметкерлері үшін білім беру мекемелері кітапханашыларының кәсіби біліктілігін жетілдіру, заманауи оқырман талабына сай кітапхана қызметін тиімді ұйымдастыру, әдістемелік көмек көрсету мақсатында өткізілді.
Іс-шараға 72 кітапхана қызметкерлері қатысты.

«Менің Отаным – Қазақстан» атты туристік экспедициялық жасақтардың республикалық слеті өтті

2022 жылдың 21-22 қыркүйек күндері «Менің Отаным – Қазақстан» атты туристік экспедициялық жасақтардың республикалық кезеңі өтті.
Слеттің мақсаты - білім беру ұйымдарындағы оқушылардың отаншылдық сезімдерін дамыту, экспедициялық жасақтардың туристік қызметін жандандыру арқылы салауатты өмір салтын насихаттау.
Аталған іс-шараға Жамбыл облысынан 8 оқушы онлайн режимінде қатысты.
«Менің Отаным - Қазақстан» туристік экспедициялық жасақтардың республикалық слетінде 19 команданың ішінде облысымыздың командасы жеңіске жетіп, III орынды иеленді.
Жеңімпаздар номинация бойынша сыйлықтарға ие болып, дипломдар, алғысхаттар мен сертификаттармен марапатталды.

2022 жылдың 7-9 қыркүйек аралығында «Отбасы күніне» орай білім беру ұйымдарында «Отбасы – бақыт мекені», «Отбасым-менің тірегім!» тақырыптарында тәрбие сағаттары, «Отбасы бақыты - ел бақыты», «Ұлағатты отбасы-ұлт құндылығы» тақырыптарында танымдық сағаттары, «Мен отбасыммен мақтанамын» атты сурет байқауы өткізілді.

«Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев: Тарих. Тұлға. Тағдыр» тақырыбында облыстық дөңгелек үстел өтті

2022 жылдың 16 қыркүйек күні облыстық оқу-әдістемелік кабинеті, Д.Қонаев орталығы мен Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының бірлесіп ұйымдастыруымен Д.Қонаев атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының мәжіліс залында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына орай аудандар мен Тараз қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, тарих пәні мұғалімдеріне арналған «Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев: Тарих. Тұлға. Тағдыр» тақырыбында облыстық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның мақсаты – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың еңбектері мен қоғамдағы рөлін насихаттау, тәжірибе алмасу.
Іс-шараға Жамбыл облысы Д.Қонаев қорының кеңесшісі Ж.Куздеубеков, Д.Қонаев қорының Талас аудандық филиалының төрағасы Л.Нұрұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының доценті, ф.ғ.к., «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Т.Мұқашев, «Тарих және география» кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Е.Серікбаев қатысты.
Облыстық дөңгелек үстел барысында педагогтерге Д.Қонаевтың өмір жолы мен өнегесі, Қазақстанның дамуына қосқан үлесі, шығармалары, ғылыми еңбектері, өсиет сөздері туралы ақпарат беріліп, ғалымдар зерттеулері мен пайымдарымен бөлісті. Педагогтер шеберлік сыныптарын көрсетті.
Іс-шараға ЖОО ғалымдары мен оқытушылары, аудандар мен Тараз қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, мектеп басшылары, тарих пәнінің мұғалімдері, барлығы 65 педагог қызметкер қатысты.

А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы Ұлттық білім жүйесінде» атты облыстық диалог алаңы өтті

Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен 2022 жылдың 8 қыркүйегі күні «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы Ұлттық білім жүйесінде» тақырыбында аудандық, қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне диалог алаңы өтті.
Ұлт ұстазы – А.Байтұрсынұлының еңбектерін насихаттау, шығармашылық мұрасын оқыту барысында жас ұрпақты отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында өткен іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің басшысы Ш.Усерова жүргізді.
Сонымен қатар, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мұқашев Темірбай Әлиұлы Ахметтің ұлттық мәдениетті, ұлт өркениетін дамытудағы шығармашылық мұрасы туралы пікір білдірсе, «Ұстаз» институты «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абдыкадырова Тұрсынай Рыстайқызы «А.Байтұрсынұлы мұрасы және қазіргі кезең» тақырыбында ой бөлісті.
Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері Мадияр Ералыұлы «Ахметтің жастарға аманаты» атты баяндамасында ұлт ұстазының өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырған мұралары туралы кеңінен тоқталды.
Іс-шара барысында бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін оқытудың маңызы, «Әдебиет танытқыш» еңбегі, Ахметтің қазақ тіл біліміне қосқан үлесі және «Ахметтану» курсы: коммуникативтік дағды мен функционалдық сауаттылық» тақырыбы аясында ой бөлісті.
Іс-шараға ЖОО ғалымдары, оқытушылары, аудандық, қалалық білім бөлімінің әдіскерлері, бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, барлығы 100-ге жуық педагог қызметкер қатысты.