Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Шәмшидинова Күләш Ноғатайқызы Жамбыл ұстаздарына дәріс оқыды
Ауыл ұстаздарына арналған дәріс Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры мен Жамбыл облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен өтті. Дәрісті Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры қамқоршылар кеңесінің төрайымы Күләш Шәмшидинова өткізді.
Күләш Шәмшидинова өз сөзінде білім саласын ғаламдық өзгерістерге бейімдеудің маңызын айта келіп, цифрлық технологиялар арқылы оқушының зейінін арттыру мәселелерін ортаға салды.
Одан соң лектор оқыту процесіндегі заманауи трендтер жайлы да сөз қозғады. Оның айтуынша, медианың дамуымен баланың білім алу көздері өзгерді. Мұғалім енді тек білім беріп қана қоймай, шәкірті алған ақпаратты іріктеу мен қолдануды үйретуі керек.
Бұдан бөлек, Күләш Шәмшидинова Білім беру саласын тұрақты дамыту қорының жұмысына да тоқталып, тірек және шағын жинақты мектептер жайында сөйледі.
«Қазақстан халқына» қоры, AITAS холдингі, Назарбаев зияткерлік мектептері мен Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры бірлесіп, «Ауылдық аймақтардағы тірек мектептердің әлеуетін арттыру» жобасын іске асырып жатыр. Бұл жобаға қазір Жамбыл облысының 3 мектебі қатысуда.