«Жаңа емледегі жаңалықтар:Ұсыныс. Тәжірибе. Нәтиже» тақырыбында облыстық онлайн кеңес өтті
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті 2021 жылдың 15 қаңтарында А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Құралай Күдеринованың қатысуымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия мақұлдаған жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емле ережесін (әріптердің емлесі, түбір сөздердің емлесі, қосымшалардың жалғануы, бөлек жазылатын сөздердің емлесі, бірге жазылатын сөздердің емлесі, дефиспен жазылатын сөздердің емлесі, бас әріптің емлесі, қысқарған сөздердің емлесі, кірме сөздердің емлесі, сөздердің тасымалдануы) қолданудың тиімді жолдарын меңгеру мақсатында облыстық онлайн кеңес өтті.
Іс-шара барысында жаңа жазуды үйрену барысында диакритикалық таңбасы бар төл әріптердің графикалық сұлбасын санаға мықтап орнату қажеттігі, айтылмайтын және сөз мағынасына әсер етпейтін қосар дыбыстар түсіріліп отыратындығы, я, ю әріптері йа, йу түрінде және ъ, ь, е, э, щ, ц әріптері бар шеттілдік сөздерді тіліміздің айтылым заңына сай жазылатындығы туралы айтылды.
«Жаңа емледегі жаңалықтар:Ұсыныс. Тәжірибе. Нәтиже» тақырыбында облыстық онлайн кеңеске аудандық (қалалық) білім бөлімдері мен облыстық білім басқармасына қарасты білім мекемелерінен 298 мұғалім қатысты.