«Оқу сауаттылығындағы күрделі мәтіндердің шешімін табудың тиімді жолдары» тақырыбында облыстық шеберлік сынып өтті
2021 жылдың 12 ақпанында «Үздік педагог шеберханасы: Ізденіс. Тәжірибе. Нәтиже» жобасының аясында «Үздік педагог-2019» байқауының жеңімпазы Байзақ ауданы, Ғ.Мұратбаев атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Бақыт Жақсылыққызы Кудериеваның «Оқу сауаттылығындағы күрделі мәтіндердің шешімін табудың тиімді жолдары» тақырыбында облыстық шеберлік сыныбы өткізілді.
Іс-шара барысында Б.Ж.Кудериева «Менің жүрегімнің мектебі» бейнетаспасымен, педагогикалық портфолиосының мазмұны мен шығармашылық тақырыбы аясында жинақталған іс-тәжірибесімен бөлісті. Шеберлік сыныпта оқу сауаттылығындағы күрделі мәтіндердің шешімін табудың тиімді жолдарына, құрастыру ерекшеліктеріне, мәтіннің формасына, түсіну деңгейіне, тапсырма құрастыруда қолданылатын аспектілерге тоқталды.
Іс-шараға облыс аудандары мен Тараз қалалық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармасына қарасты мекемелердің республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары, әдістемелік кабинеттің меңгерушілері мен әдіскерлері, мектеп директорлары мен директордың ғылыми-әдістемелік, оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, озық тәжірибелі педагогтар, жалпы 217 педагог қатысты.