БАСТЫ БЕТ - Оқу-әдістемелік кабинет

БАСТЫ БЕТ

«Жазғы мектеп» жобасы аясында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне онлайн режимінде шеберлік сыныптары өтті

2018 жылдың 10 қазанында zhambul_obl_metod бөлмесінде облыстық Айша –бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-интернатының озық тәжірибелі мұғалімдері «Жаңартылған білім мазмұнын қалыптастырудың педагогикалық аспектілері» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне арналған онлайн режимінде шеберлік сыныптарын өткізді. Аталған іс-шараға облыстың 1021 педагогі қамтылды.

ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛҒАН КҮН

Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен 6 қазан күні «Баласағұн» орталық концерт залында «Ұстазға тағзым!» атты мұғалімдердің кәсіби мерекесіне арналғансалтанатты шара өтті. Аталған жиынға облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков қатысып, облыстың мұғалімдерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Мерекелік кеш барысында облыстың үздік мұғалімдері облыс әкімінің құрмет грамоталарымен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» және «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерімен марапатталды. Сондай-ақ, Республикалық «Үздік педагог-2018» конкурсының жеңімпазы атанған облыстың 4 педагогына құрмет көрсетілді.

Педагог кәсібінің мәртебесін арттыру және кәсіби қызметте жоғары жетістіктері бар шығармашыл педагогтарды анықтау мақсатында облыс әкімінің бастамасымен «Үздік педагог» сыйақысын беру облыстық конкурсы өтіп, жеңімпаздары анықталды. Салтанатты шара барысында Білім саласы қызметкерлерінің облыстық комитеті төрағасы Ерулан Мағзымбеков және облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова аталған байқауда жеңіпаз атанған 5 ұстазды Құрмет грамоталарымен марапаттап, сыйақыларын табыстады. Өзгенің бақытын аялай, өзінің уақытын аямай еңбек еткен батыл мамандық иелеріне арналған мерекелік шараны шәкірттердің шынайы жүректен шыққан әндері әуелете түсті.

Облыстың 4 педагогі «Үздік педагог» атағын, 2 405 000 теңге сыйақыны иеленді 

        Педагогтардың мәртебесін көтеру және оны қалың жұртшылық арасында насихаттау мақсатында 2012 жылдан бері «Үздік педагог» атағын және 1000 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы беру мақсатында республикалық «Үздік педагог» байқауы ұйымдастырылып, өткізілуде. Осы уақытқа дейін облысымызда 23 педагог осы құрметті атақты иеленсе,  ағымдағы жылдың 2 қазан күні оның қатары тағы 4 педагогқа толықты.

    2018 жылдың  7-22 маусым аралығында облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Үздік педагог» атағын беру конкурсының негізгі облыстық кезеңі  өткізілген болатын.

        «Үздік педагог» атағын беру конкурсының І кезеңіне  аудандық (қалалық) білім бөлімдері мен  облыстық білім басқармасына қарасты  білім мекемелерінен барлығы 194 педагог қатысса,  ІІ облыстық кезеңіне 23 педагог құжат тапсырды.  23 педагогтың  10-ы тест тапсыру арқылы іріктеуден өтіп, «Мен қазіргі заманның педагогімін» тақырыбында эссе жазып, шығармашылық жұмыстарын, электронды портфолиоларын қорғап, панорамалық ашық сабақтарында өздерінің педагогикалық шеберліктерін көрсетті.

        «Үздік педагог» атағын беру конкурсының облыстық кезеңінде  6 педагог Бас жүлде,  І, ІІ, ІІІ орындарды иеленді. Жүлделі орындарды иеленген 6 педагогтың жұмыстары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім департаментіне,  Техникалық және кәсіптік білім департаментіне жолданды.  

        Ағымдағы жылдың 2 қазанында Астана қаласында «Казмедиа» орталығында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Сағадиев Ерлан Қенжеғалиұлының қатысуымен  «2018 жылдың үздік педагогі» республикалық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Марапаттау рәсіміне еліміздің әр өңірінен үздік деп танылған 48 педагог  қатысып, біздің облысымыздан  4 педагог республикалық «Үздік педагог-2018» байқауының жеңімпазы атанып, «Үздік педагог» төсбелгісін және  2405000 теңге сыйақыны иеленді. Олар: Тараз қаласындағы ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының математика пәнінің мұғалімі  Қиялбеков Нариман Мәлікұлы, Байзақ ауданы  №1 мектеп-гимназиясының  қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Сүгірбекова Үміт Ізбасарқызы, Тараз қаласы №24 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Полухина Наталья Александровна, Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің «Құрылыс жинақтау өндірісінің технологиясы және оны ұйымдастыру» мамандығының арнайы пән оқытушысы Шуленбаева Райхан Кенжекқызы.

     Педагогтарды жарқын жеңістерімен шын жүректен құттықтай отырып, педагогикалық ізденіс, жаңа серпін, шығармашылық табыстар тілейміз!

«Жазғы мектеп» жобасы аясында  орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне ашық есік күні өтті

2018 жылдың 3 қазанында Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» мектеп-интернатының  базасында ашық есік күні өтті. Аталған іс-шарада жоғары санатты орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері «Қазақ мектептерінде филологиялық дарындылықты дамытудың әдістері мен түрлері», «Орыс тілі мен әдебиеті пәнін оқытуда моделдеу әдістемесін қолданудың ерекшеліктері» тақырыптарында шеберлік сыныптарын өтті. Аталған іс-шараға облыстың    42 орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері қамтылды.

«ҚАЛА ТІРШІЛІГІ» АТТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ТӘЖІРИБЕ ӨТТІ

1 қазанда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мектеп  олимпиадаларын  және  мектептен тыс  іс-шараларды өткізетін  облыстық орталықта «Қала тіршілігі» әлеуметтік тәжірибесінің қорытынды марапаттау рәсімі өтті.

Әлеуметтік тәжірибе нәтижесінде 1 орынды Жуалы ауданы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының 7 сынып оқушысы Д.Қабарбек иеленсе, қалған қатысушылар Алғыс хаттармен, бағалы силықтармен марапатталды.