Оқу-әдістемелік кабинеті туралы - Оқу-әдістемелік кабинет

Оқу-әдістемелік кабинеті туралы

МЕКТЕПАЛДЫ ДАЯРЛЫҚТАҒЫ БІЛІМ БЕРУДІҢ МАЗМҰНЫ МЕН САПАСЫН АРТТЫРУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ

Ағымддағы жылдың 4 мамырында Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің «Мектепке дейінгі мекемелер, мектепалды даярлық және «Өзін-өзі тану» пәні бөлімінің ұйымдастыруымен  Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылындағы №15 орта мектептің базасында мектепалды даярлық сынып педагогтеріне арналған «Мектепалды даярлықтағы білім берудің мазмұны мен сапасын арттырудың тиімді жолдары» тақырыбында мектепалды даярлық сынып педагогтарына арналған аймақтық семинар-практикум өтті.

Семинарға 9 аудан және Тараз қаласынан 26 педагог қатысып, «Кембридждік әдіс - тәсілдер, мектепалды даярлықта Постер қорғау» арқылы мектепалды даярлықтағы  балалардың танымдық процесін, шығармашылық және интеллектуалдық қабілеттерін дамыту бойынша іс-тәжірибе алмасты.
Іс-шара барысында аудандағы мектепалды даярлық топ педагогтері ұйымдастырылған оқу-қызметтерін көрсетіп, мектеп психологі А.Сабырқызы «Көңілі көтеріңкі ұстаздың, әрбір еңбегі де жемісті!» тақырыбында тренинг жүргізді.
Семинар-практикумның қорытынды бөлімінде қатысушылармен кері байланыс жүргізіліп, іс-шараға белсене қатысқан мектепалды даярлық топ педагогтарына сертификаттар берілді.

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАДАН 9 ҰСТАЗ ЖЕҢІСПЕН ОРАЛДЫ

2018 жылдың 3-5-мамыр аралығында білім және ғылым Министрлігінің «Дарын» Республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының ұйытқы болуымен Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласының М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі базасында «Дарынды балаға – талантты ұстаз» атты ХІІІ республикалық педагогикалық олимпиада өтті. 

Жас педагогтардың шығармашылық әлеуетін және өзін-өзі дамытуына жағдай жасау, білім беру жүйесін жетілдіруге болашақ мұғалімдердің кәсіби көзқарасын қалыптастыру мақсатында өткен республикалық педагогикалық олимпиадаға облыстан 11 жас маман қатысып, 9-ы жеңімпаз атанды.
Байқау қорытындысы бойынша І-ші орынды Меркі ауданы №1 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі А.Жүндібаева жеңіп алды. Ал Байзақ ауданы Сарыкемер мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі А.Баймамырова, Жамбыл ауданы Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектебінің география пәнінің мұғалімі М.Сүйінбеков, Меркі ауданы №9 В.Савва атындағы  орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Р.Идрисова, №5 Ақарал орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі А.Джадраев, №17 И.Трубицын атындағы орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Ж.Тұрсынов, Мойынқұм ауданы Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Алменова, Талас ауданы Ш.Уалиханов атындағы орта мектебінің физика пәнінің мұғалімі А.Тайшикова жүлделі ІІІ орындарды иеленді. Сондай-ақ Тараз қаласы Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі П.Тажибаева  номинация иегері атанды. 
Сайыс жеңімпаздары «Дарын» Республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығының дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.
Педагогтарымызды жеңістерімен құттықтаймыз!

ЖАМБЫЛДЫҚ ОҚУШЫЛАР ЖЕТІ ЖЫЛ ҚАТАРЫНАН ҮЗДІК АТАНДЫ

Жалпы білім беретін пәндердің жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша Республикалық олимпиада 15-20 наурыз күндері – Атырау қаласында, ал қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша 25-30 наурыз күндері – Қостанай қаласында өтті. Аталған білім додасында жамбылдық оқушылар топ жарып, қанжығаларын майлап қайтты.
Биылғы оқу жылы жамбылдық оқушылар үшін жемісті жыл болды. Облысымыздың үздік оқушыларының республикалық білім додаларында алдыңғы қатардан көрініп, қарсыластарына дес бермей келе жатқаны осының дәлелі.
"Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен  Қостанай қаласында өткізілген олимпиада теориялық және практикалық кезең бойынша өтті. Оқушылардың шығармашылық қабілетін жетілдіру, теориялық білімін тереңдетіп, тәжірибелік іскерліктерін шыңдау, жеке тұлғаның өзін-өзі танытуына ықпал ету, дарынды балаларды анықтауға жағдай жасау, оқушыларды халықаралық олимпиадаға іріктеу және даярлау мақсатында ұйымдастырылған жаратылыстану-математика бағытындағы республикалық олимпиадаға еліміздің әр шалғайынан 800-ден аса оқушы қатысып, бақтарын сынады.

ДАРЫНДЫ БАЛАЛАРҒА – ТАЛАНТТЫ ҰСТАЗ

Үстіміздегі жылдың 6 сәуірінде жалпы білім беретін орта мектептердегі жас мамандардың қатысуымен «Дарынды балаларға – талантты ұстаз» атты педагогикалық олимпиада  өткізілді. 

Олимпиада жас ұстаздардың педагогикалық шығармашылық нәтижелерімен, жобаларымен, педагогикалық идеяларымен танысу, ұстаздардың жеке шығармашылығының кеңістігін шоғырландыруға, шығармашылық ізденушілік бағытын таңдауға, педагогикалық өз ойын білдіру тәсілдерін және жеке шығармашылық жолын табуға мүмкіндік жасау, педагог кәсібінің мәртебесін арттыру және шығармашыл педагогтарды анықтау, оларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдатырылды.
Іс-шараға 16 жас маман қатысып, 11-і жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар педагогтар ағымдағы жылдың 4-5 мамыр аралығында Семей  қаласында өтетін республикалық олимпиадаға қатысады.   

«ТАБИҒАТТЫ АЯЛА» АТТЫ ЖАС ӨЛКЕТАНУШЫЛАР, ЭКОЛОГТАР МЕН ТАБИҒАТ ЗЕРТТЕУШІЛЕРІНІҢ ФОРУМЫ

Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен 5 сәуір күні облыс орталығында туған өлкесін сүйетін және зерттейтін жас жеткіншектер арасында сайыс өтті.
«Табиғатты аяла» атты  жас өлкетанушылар, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің форумы жасөспірімдерді табиғатты аялауға баулу, өз өлкенің табиғи мұрасын сақтау мен зерртеу, жасөспірімдердің экологиялық мәдениетін тәрбиелеу, сондай-ақ, азаматтық жауапкершілігі мен патриотизм сезімін дамыту мақсатында ұйымдастырылды.
Жас өлкетанушылар Тараз  қаласының  №30 мектеп-гимназиясының базасында бас қосты. Форумға аудандық және Тараз қалалық «Табиғатты аяла» жас өлкетанушылардың, экологтар мен табиғат зерттеушілерінің форумдарында жеңімпаз атанған109 оқушы қатысты.  
Игі шара 7 номинация бойынша өтіп, форум қорытындысы бойынша қатысушылар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды:
«Туған өлкені зерттейміз» номинациясында оқушылардың туған жерінің ескерткіштері мен қорықтарын зерттеу жұмыстарын жүргізді. Аталған номинация бойынша Талас ауданы лицейінің оқушысы Ф.Абдрашидова жеңіске жетті.