Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына арналған 5-11 сынып оқушылары арасында «Бауыржан Момышұлы - тұлға, азамат, стратег» TEDх форматындағы конференция өтті
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті Тараз қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен бірлесіп, 2020 жылдың 15 желтоқсан күні Қазақ халқының ұлы перзенті, қаһарман жауынгер, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, әйгілі жазушы Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына орай «Бауыржан Момышұлы - тұлға, патриот, стратег» атты TEDх форматында облыстық конференция zoom платформасында өтті.
TEDх форматындағы конференцияға ЖОО-ның ғалымдары, Жамбыл облысындағы Бауыржан Момышұлы атындағы 7 мектеп пен Тараз, Шымкент қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің және Москва қаласының Б.Момышұлы атындағы №1912 мектебінің жас спикерлері қатысып, өз идеяларымен бөлісті және «Бауыржан Момышұлы - тұлға, азамат, стратег» атты видео әзірленіп, көрсетілді.
TEDx конференциясының мақсаты – қазіргі заман тұрғысынан қазақ халқының көрнекті қайраткері Бауыржан Момышұлының өмір жолын жан-жақты және терең қарастыру мен халық батырының өнегелі мұрасын дәріптеу арқылы жастарға патриоттық тәрбие беру.
Конференция келесі бағыттар бойынша өткізілді:
- «Бауыржан Момышұлы - тактикалық маневрлер мен стратегиялардың авторы»;
- «Бауыржан Момышұлы - аңызға айналған адам және ерекше тұлға»;
- «Бауыржан Момышұлының жолы - ар-ождан, мақтаныш және ар-намыстан төселген қайшылықтар жолы»;
- Бауыржан Момышұлы: «Ата-баба дәстүрі мен әдет-ғұрпы - адамгершіліктің негізі»;
- «Бауыржан Момышұлы: «Бір тілді білген - бір адам, екі тілді білген - екі адамға лайық»;
- «Бауыржан Момышұлы - Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» әскери романының кейіпкері»;
- «Батыр атағын оған халық берді»;
- «Бауыржан Момышұлының шығармаларындағы жазушылық дарыны».