Тірек мектептердің (Р.О.) жұмысын жетілдіру - Оқу-әдістемелік кабинет

Тірек мектептердің (Р.О.) жұмысын жетілдіру

«Парасатты қоғам – мемлекет болашағының негізі» атты облыстық пікірсайыс турнирі өтті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті, облыс әкімдігінің білім басқармасы мен Жамбыл облыстық пікірсайыс одағы «Еркін-пікір» жастар қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, 2021 жылдың 29 наурыз күні жалпы орта білім беру мекемелерінің 9-11 сынып оқушылары арасында «Парасатты қоғам – мемлекет болашағының негізі» атты облыстық пікірсайыс турнирін өткізді.

          Іс-шараның мақсаты – егеменді еліміздің белсенді білім алушыларының Қазақ мемлекеттілігі, Тәуелсіздік құндылықтары мен Мәңгілік ел идеясы аясындағы парасаттылық туралы ойларын бір арнаға тоғыстыру, құқықтық сауаттылығын арттыру.

          Турнир барысында оқушылар қоғамның өзекті мәселелері мен оны шешу жолдары, азаматтық жауапкершілік, парасаттылық, әлеуметтік мәселелер аясында ойларын ортаға салып, тың идеялар ұсынды.                  Іс-шарада өскелең ұрпақтың бойында парасаттылық мәдениеті, тіл тазалығы, адамгершілік құндылықтары көрініс тауып шыңдалды, турнир барысында жастар ойларымен бөлісіп, тәжірибе алмасты. 

Пікірсайыс турнирі нәтижесінде І орынды дарынды қыз балаларға арналған мамандандырылған «Білім-инновация»    лицей-интернатының «Дегдар» фракциясы, ІІ орынды Шу ауданы Жамбыл атындағы гимназияның «ARLANS» фракциясы, ІІІ орынды Тараз қаласы Төле би атындағы №8 гимназияның «Парасат» фракциясы иеленді. Меркі ауданы №48 орта метептің «НАТО» фракциясы «Үздік талпыныс» номинациясының, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің               4 курс  студенті Сәбит Ерзат «Үздік төреші» номинацияларының иегері атанды.

Облыстық пікірсайыс турниріне облыс мектептерінен                      11 команда, 22 оқушы қатысты.

 

 

 

 

 

 

 

«Шығармашылық ізденіс – мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың негізгі факторы» тақырыбында облыстық шеберлік сынып өтті

2021 жылдың 26 наурыз күні  «Үздік педагог шеберханасы: Ізденіс. Тәжірибе. Нәтиже»  жобасының аясында республикалық «Үздік педагог-2015» байқауының жеңімпазы, Қордай ауданы, Б.Бөлтірікова атындағы №4 мектеп-лицейдің орыс сыныбындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі С.А.Бахрамованың «Шығармашылық ізденіс – мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың негізгі факторы» тақырыбында облыстық шеберлік сыныбы өткізілді.

Іс-шара барысында С.Бахрамова  педагогикалық электронды портфолиосының мазмұнымен, «Шығармашылық ізденіс - мұғалімнің кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың негізгі факторы» тақырыбында педагогтерге шығармашылық жұмыспен айналысудың заманауи үлгілері мен жолдарын ұсына отырып, дарынды оқушыны анықтау, пән олимпиадасына дайындау және  авторлық бағдарлама жазудың тиімді жолдары туралы іс-тәжірибесімен бөлісті.

Іс-шараға облыс аудандары мен Тараз қалалық білім бөлімдері мен облыстық білім басқармасына қарасты мекемелердің республикалық  «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары, әдістемелік кабинеттің меңгерушілері мен әдіскерлері, мектеп директорлары мен директордың ғылыми-әдістемелік, оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, озық тәжірибелі педагогтар, жалпы 162 педагог қатысты.

«Қаршыға Ахмедияровтың шығармашылығы»  тақырыбында облыстық онлайн режимінде сабақ өтті.

          2021 жылдың 26 нарурыз күні Қаршыға Ахмедияровтың 75 жылдығына орай «Қаршыға Ахмедияровтың шығармашылығы» тақырыбында музыка пәні педагогтары мен 5 – 6 сынып оқушыларына арналған онлайн сабақ өткізілді.

      Онлайн сабақтың мақсаты – педагогтар мен оқушылардың шығармашылығын дамытуға жан-жақты ықпал ету. Қаршыға Ахмедияровтың  өмірбаяны, шығармашылық жолы, шығармалары, күйшінің замандастары туралы танымдық сабақты Тараз қаласының №26 орта мектептің музыка пәнінің мұғалімі Кучербаева Майра Джалбаевна өткізді.

      Аталған іс-шараға 44 мұғалім, 95 оқушы қатысты.

 

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен 2021 жылдың 26 наурызында «Білім беру ұйымдарында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын диагностикалау» тақырыбында облыстық вебинар өткізілді. Вебинарға 120-ға  жуық  білім бөлімдерінің кәсіптік бағдар жұмысына жауапты әдіскерлері мен мектептердегі осы жұмысты үйлестіруші қызметкерлер  қатысты. Шарада жасөспірімдер мен мектеп түлектерінің кәсіби бағдарын айқындаудағы психологиялық диагностикалау жұмыстары, кәсіби бағдар беруде арнайы курстардың рөлі  туралы айтылды.  Меркі ауданының педагог-психологтары Р.Ш.Умирзакова мен Ә.С.Назаркулова өз тәжірибелерімен бөлісті.

«Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында оқытудың тиімді жолдары» тақырыбында облыстық тәжірибелік семинар өтті

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинеті Педагогикалық шеберлік орталығы Тараз қаласындағы филиалымен бірлесе отырып, 2020-2021 оқу  жылына  арналған  Назарбаев Зияткерлік мектептерінің  іс-тәжірибесін орта білім беру ұйымдарына трансляциялау бойынша іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында ағымдағы жылдың                  25 наурыз  күні Жетекші мектептердің  әкімшілігі, 5-11 сыныптарға сабақ беретін химия, физика, орыс тілі және биология пән мұғалімдеріне арналған «Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында оқытудың тиімді жолдары» тақырыбында Microsoft teams  платформасы арқылы онлайн режимінде тәжірибелік семинар өтті.  

Аталған іс-шараға облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің, аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің жауапты әдіскерлері, Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтері, облыстың Жетекші мектептердің директорлары мен үйлестірушілері және пән мұғалімдері,  барлығы 682 білім қызметкерлері қатысты.

Іс-шара барысында тәжірибелік семинардың қатысушылары келіспеушіліктерді реттеудегі көшбасшылық, табысты мектеп жүйесін құрудағы көшбасшының рөлі, БЖБ және ТЖБ тапсырмаларын әзірлеу жолдары, бағалау құралдары  (оқыту мақсаттары, бағалау критерийлері, ойлау дағдыларының деңгейлері, тапсырмалар, дескрипторлар)  бойынша тәжірибе алмасты.