ШЖМ нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету - Оқу-әдістемелік кабинет

ШЖМ нормативтік-құқықтық қамтамасыз ету

  «ЖЫЛДЫҢ ҮЗДІК ПСИХОЛОГІ» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ  БАЙҚАУ  ӨТТІ

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің жылдық жоспарына сәйкес 2019 жылдың 13 мамыр күні облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің базасында  білім беру жүйесінде шығармашылықпен жұмыс істейтін, талантты, педагог-психологтарды анықтау, қолдау және ынталандыру мақсатында  «Жылдың үздік психологі» атты облыстық  сырттай байқау өткізілді.

         Байқауға  3 жыл, 3-7 жыл, 7 жылдан жоғары еңбек өтілі бар 17 педагог-психологтар қатысты.   

Үш категория бойынша іріктелген облыстық байқауға қатысушы         педагог-психологтар «Психолог тұғырнамасы», «Авторлық бағдарламаның таныстырылымы», «Психолог тәжірибесінен» кезеңдерінде шығармашылық жұмыстарын ұсынды.

          Қазылар алқасы педагог-психологтардың өз саласының теориясы мен әдістемесіне, кәсіби шеберлігінің деңгейі мен қызметінің қазіргі заман талабына  сай ерекшеліктеріне және тәжірибеде педагогикалық-психологиялық талаптардың сақталуына ерекше назар аударды.

Облыстық байқауда жеңімпаз атанған педагог-психологтар республикалық кезеңге қатысатын болады.

«Көшбасшы әдіскер» атты облыстық байқауы өтті

2019 жылдың 15-17 мамыр күндері облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен «Көшбасшы әдіскер» облыстық байқауы өтті. Байқауға бөбекжай-бақшалардан, шағын орталықтардан және жекеменшік балабақшалардан барлығы 26 педагог қатысып, өзара білімдерімен сайысқа түсті.

Байқаудың мақсаты – мектепке дейінгі ұйымдардағы әдіскерлердің кәсіби шығармашылығын ынталандыру, жағымды әлеуметтік және кәсіби келбетін қалыптастыру.

Облыстық байқаудың жеңімпаздары арнайы дипломдармен марапатталды.

«Туған өлке – тұнған шежіре» атты облыстық онлайн сабағы өтті

Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен 2019 жылдың 15 мамырында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында «Туған өлке – тұнған шежіре» атты облыстық онлайн сабағы өткізілді.

  Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпаққа өз өлкесін таныту, ұлттық құндылықтарды насихаттау, Тараз қаласы мен облыс аудандары арасында өлке мәдениеті мен тарихын таныстыру.

Онлайн сабаққа жалпы орта білім беретін мектептердің 3650 оқушылары қамтылды.  

  Іс-шара барысында Жамбыл ауданы Б.Бесбаев атындағы                                 мектеп-гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Бахытов Серік Бахытұлы «Өркені өскен өлке» тақырыбында өлкені таныту мақсатында оқушыларға Жамбыл ауданының тарихи-мәдени, археологиялық орындары туралы ақпарат беріп, педагогтарға өлке тарихына байланысты қосымша дерекнамалық, дидактикалық материалдар ұсынылып, өзара тәжірибе алмасуына ықпал етті.

«Жалпы білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын жетілдіру және жасөспірімдер  арасында құқықбұзушылықтың  алдын алу жұмыстарын  ұйымдастырудың  негізгі бағыттары» тақырыбында  аймақтық әдістемелік семинар өтті

2019  жылдың 17 мамыр   күні   Шу ауданы, С.Сейфуллин  атындағы  орта мектебінің базасында директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен директордың құқықтық ісі жөніндегі орынбасарларына  және педагог психологтарға арналған  «Жалпы білім беру ұйымдарында тәрбие жұмысын жетілдіру және жасөспірімдер  арасында құқықбұзушылықтың  алдын алу жұмыстарын  ұйымдастырудың  негізгі бағыттары» тақырыбында  аймақтық  әдістемелік  семинар  өтті, барлығы  123  педагог  қатысты.  

Әдістемелік семинарға қатысушылар тәрбиенің басым  бағыттары және психологиялық қызметті жетілдіру бағыты бойынша әдістемелік көмектер алды, тиімді әдіс-тәсілдері жайлы ой бөлісті, тәжірибе алмасты және таратпалы материалдармен  қамтамасыз  етілді.

Республикалық Дінтану пәндік олимпиадасында облысымыздың оқушылары жүлдегер атанды

2019 жылдың  14-15 мамыр күндері жалпы орта білім беретін мекемелердің 11 сынып оқушылары арасында Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен өткен ІV Республикалық Дінтану пәндік олимпиадасында облысымыздың оқушылары бақтарын сынады.

Дарынды оқушыларды анықтау, дамыту және қолдау көрсету мақсатында өткен олимпиадаға  Қазақстанның барлық облыстарынан қатысқан 33 оқушыдан Байзақ ауданы, Бурыл орта мектебінің оқушылары Қарахан Мерей жүлдегер атанса, Барбосынова Ақерке мақтау қағазымен марапатталды.  Олимпиада жүлдегері Қарахан Мерей Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне квота негізінде білім алуға мүмкіндік алды.