«Аймақ әдебиеті мұралары: ізденіс, тәжірибе» атты облыстық диалог алаңы өтті.
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жамбыл облысы бойынша филиалы мен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен аймақ әдебиетін насихаттау, ақын-жазушылардың шығармашылығын дәріптеу арқылы қазақ әдебиеті пәнін оқытудың өзекті мәселелерін шешуге және білім сапасын арттырудың ұтымды жолдарын айқындауға жұмылдыру мақсатында 2023 жылдың 26 мамыр күні «Аймақ әдебиеті мұралары: ізденіс, тәжірибе» тақырыбында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне арналған облыстық диалог алаңы өтті.
Іс-шараға Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, аймақтық менеджмент академиясының, Қазақстан Жазушылар одағының, журналистер одағының мүшесі, Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз универмитетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Меңдібай Әбілұлы, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі Қожамарова Назым қатысып, қазақ әдебиетін оқытудың тиімді жолдары туралы тұшымды ойларымен бөлісті. Тәжірибелі педагогтер «Қазақ әдебиетін оқытуда балалар әдебиетінің алатын орны», «Аймақ ақын-жазушылары шығармаларының идеялық-көркемдік ерекшелігі», «Шерхантану-жазушының алтын қазығы», «Жамбыл жауһарлары», «Шерхантану» курсы және Шерхан шығармаларын оқытудың өзекті мәселелері», «Бауыржантану» курсындағы патриотизм мен ұлттық құндылықтар-жеке тұлға азаматтығын тәрбиелеудің құралы», «Асанбайтану» клубы, «Әулиеата әдебиеті және оның рухани құндылықтары» тақырыптарында ой бөлісті.
Іс-шара барысында педагогтер жергілікті ақын-жазушылардың шығармалары насихатталып, тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дамыту, оны одан әрі байыту, олардың негізінде жас ұрпаққа жалпыадамзаттық құндылықтарды дәріптеу туралы ой қозғады.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің кәсіби құзіреттіліктерін, әлеуметтік мәртебесін және шығармашылық потенциалын арттыру, кәсіби шеберліктерін жетілдіруіне жағдай жасау мақсатында пән мұғалімдеріне ақпараттық-әдістемелік көмек көрсетілді.
Дөңгелек үстелге 55 педагог қатысты.