А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы Ұлттық білім жүйесінде» атты облыстық диалог алаңы өтті
Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің ұйымдастыруымен 2022 жылдың 8 қыркүйегі күні «Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми мұрасы Ұлттық білім жүйесінде» тақырыбында аудандық, қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері, бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдеріне диалог алаңы өтті.
Ұлт ұстазы – А.Байтұрсынұлының еңбектерін насихаттау, шығармашылық мұрасын оқыту барысында жас ұрпақты отансүйгіштікке, еңбекқорлыққа, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында өткен іс-шараны Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы оқу-әдістемелік кабинетінің басшысы Ш.Усерова жүргізді.
Сонымен қатар, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология және журналистика» кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Мұқашев Темірбай Әлиұлы Ахметтің ұлттық мәдениетті, ұлт өркениетін дамытудағы шығармашылық мұрасы туралы пікір білдірсе, «Ұстаз» институты «Қазақ тілі мен әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абдыкадырова Тұрсынай Рыстайқызы «А.Байтұрсынұлы мұрасы және қазіргі кезең» тақырыбында ой бөлісті.
Қазақстан журналистер одағының мүшесі, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының аға ғылыми қызметкері Мадияр Ералыұлы «Ахметтің жастарға аманаты» атты баяндамасында ұлт ұстазының өзінен кейінгі ұрпаққа қалдырған мұралары туралы кеңінен тоқталды.
Іс-шара барысында бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерін оқытудың маңызы, «Әдебиет танытқыш» еңбегі, Ахметтің қазақ тіл біліміне қосқан үлесі және «Ахметтану» курсы: коммуникативтік дағды мен функционалдық сауаттылық» тақырыбы аясында ой бөлісті.
Іс-шараға ЖОО ғалымдары, оқытушылары, аудандық, қалалық білім бөлімінің әдіскерлері, бастауыш сынып және қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, барлығы 100-ге жуық педагог қызметкер қатысты.